Қаржы министрлігі құны 3,5 трлн теңге болатын банктер мен МҚҰ-ның стресстік активтерін экономикалық айналымға тарту тетігін ұсынды
Бір жыл бұрын, яғни 2023 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев банктердің «тоқтау салынған» активтерін айналымға тартуды тапсырған-ды. Президент айтқандай, бұл мақсатта: «Мүдделі бизнес осы активтерді сатып алып, оларды экономикаға қайтаруға мүмкіндік алатындай ашық цифрлы платформа құру қажет». Таяуда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚР ҚНРДА) №68 Банк және микроқаржы активтерін сату бойынша электронды сауда алаңында сауда-саттықты өткізудің жаңа ережелерін таныстырған еді. Ал бүгін ҚР Қаржы министрлігі Talaptar.e-Qazyna.kz жаңа сервис арқылы мемлекеттік мүлік тізілімінің электронды платформасында осындай сауданы өткізуге дайын екенін жеткізді. Бұл туралы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, банктердің және микроқаржы ұйымдарының стресстік активтерін экономикалық айналымға жедел және ашық түрде жіберу салық салынатын базаны кеңейтуге серпін береді.
«Кеше ғана, 12 қыркүйекте Мәжілісте бюджет жобасы тыныстырылып, онда Ұлттық қордан қаражатты алу және республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің толтырылуына байланысты депутаттардың тарапынан орынды сын айтылды. Жергілікті бюджеттердің кірістері асыра орындалғанымен республикалық бюджеттің түсімі құбылмалығы жоғары тау-кен және мұнай-газ өнімдерінің әлемдік бағасына қатты тәуелді. Депутаттар салық салынатын базаны ұлғайтуды, бизнеске қолдауды арттыру бойынша жұмысты қарқындатуды талап етті. Осындай жедел амалдардың бірі – «тоқтау салынған» активтерді тарту. Бұл банктер мен МҚҰ-ның проблемалық қарыздары бойынша жеке тұлғалар мен бизнестің кепілзаттары. Бұл активтердің құны түрлі бағалаулар бойынша 3 – 3,5 трлн теңгенің аралығында», деп түсіндірді министрлік өкілдері.
Құзырлы орган стресстік активтерді өткізу үшін e-Qazyna.kz платформасында жолға қойылған Talaptar жаңа сервисін пайдалануды ұсынып отыр. Мұнда 10 жылдан бері жекешелендіру шеңберінде республикалық және коммуналды меншік, холдингтер мен банкроттардың активтері саудаланып, сондай-ақ тәркіленген мүлік пен аңшылық алқаптары мен балық шаруашылығы су айдындарына қызметпен айналысуға құқықтар беріледі. Сонымен қатар осы платформада байланыс операторлары арасында жиілікті бөлу (5G), көмірсутектер мен қатты пайдалы қазбаларды барлау, өндіру құқығына арналған сауда-саттық өткізіледі, сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбалар бойынша да сауданы өткізуді бастау жоспарланып отыр.
Бұған барлық қажетті ресурс бар және цифрлы жүйе ҚР ҰҚК Мемлекеттік техникалық қызметінің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толығымен сай. Сондай-ақ электронды сауда-саттықты өткізу бойынша жинақталған тәжірибе аталған платформаның ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бүгінде осы жүйеде 330 мыңға жуық пайдаланушы тіркелген. Түрлі ақпараттық жүйелер және дерекқорлармен 30-дан астам интеграция жүзеге асырылды.
ҚР Қаржы министрлігінде атап өткендей, сауда алаңының операторы ведомствоға тікелей бағынышты «Ақпараттық-есеп орталығы» АҚ болып саналады. Бұл ретте «АЕО» АҚ-да 2014 жылдан бері ҚР ҚНРДА қабылдаған №68 ережеге толықтай сай келетін электронды сауданы өткізу регламенті бекітілгенін айта кеткен орынды.
Сонымен қатар Қаржы министрлігінің ЭСП қызметтері үшін сатушы төлейтін сыйақы саудаға қойылған нысанның бағасына байланысты емес екенін атап өткен жөн. Ал сатып алушыдан қандай да бір төлем ұсталмайды. Бұл ретте платформаның функционалына қол жеткізу үшін сатушы сауда алаңына қойылатын нысанды базаға енгізіп, хабарландыруды жариялау үшін бар болғаны 20 АЕК құрайтын және тағы 0,5 АЕК көлеміндегі төлемді төлеуге тиіс.
Бұл ҚНРДА-нің №68 ережесі бойынша оператор алуға тиіс бағадан әлдеқайда төмен. Осы арқылы министрліктің электронды сауда алаңы сатып алушыларды негізсіз шығындардан сақтап, стресстік активтерді экономикалық айналымға қайта енгізуді жеделдетіп, ашықтығын қамтамасыз етеді.
ҚР ҚМ баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -