АШЫЛҒАН СӘТТЕН БАСТАП 60 ЖЫЛДЫҢ ІШІНДЕ АСТАНА МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ 30 МЫҢНАН АСТАМ ДӘРІГЕР МЕН ФАРМАЦЕВТ ШЫҒАРДЫ
Бүгін елордада Астана медицина университетінің 60 жылдығына арналған «Astana Medical Forum 2024 «Болашақ медицинасы - Білім және практика ғылымының интеграциясы» атты алғашқы халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды.
Еліміздің ең көне ЖОО алаңы алғаш рет жетекші қазақстандық және шетелдік ғалымдардың, зерттеушілердің, сарапшылардың, практик дәрігерлердің қатысуымен ауқымды салалық форумның тұғырнамасына айналды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой, Қазақстан Республикасындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының елдік офисінің басшысы Скендер Сола, Парламент Мәжілісінің депутаттары қатысты.
Сондай-ақ, отандық медициналық университеттердің ректорлары, сондай-ақ Түркия, Өзбекстан, Ресей, Голландия, Беларусь және басқа елдердің медициналық жоғары оқу орындарынан әріптестер шақырылды.
«Астана медицина университетінің әйгілі тарихы 1964 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтын құрудан басталды, ол кейіннен академияға, содан кейін университетке айналды. Осы жылдардың ішінде сіздердің университеттеріңіз медициналық білім және ғылым саласында сенімді көшбасшы болды, оқытудағы инновациялық тәсілдер мен жоғары стандарттарды насихаттады, Денсаулық сақтау министрлігінің реформалары мен бастамаларын белсенді қолдады», - деп атап өтті конференцияға қатысушыларға баяндамасында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Құрылған күннен бастап Медицина университеті 30 мыңнан астам дипломды мамандар шығарды, олар жоғары дәрежелі дәрігерлер, фармацевтер, мейіргерлер, денсаулық сақтауды ұйымдастырушылар қатарына қосылды. Ведомство басшысы университеттің ғылыми қызметті дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Университетте бар радиобиология және радиациялық қорғау, профилактикалық медицина және радиология саласындағы ғылыми-зерттеу институттары өздерінің бірегей міндетін атқаруда, сала үшін маңызды зерттеулер мен әзірлемелер жүргізеді.
«Сіздердің жоғары оқу орындарыңыз мұнымен тоқтап қалмайды және осы конференцияның шеңберінде респираторлық медицина және жүрек ырғағы саласында екі жаңа ҒЗИ ашу жоспарлануда, медицина қызметкерлерінің радиациялық қауіпсіздігі мәселелері бойынша Оқу орталығы мен референт-зертхана ашылады», - деп жалғастырды министр.
Ашылу салтанатында Денсаулық сақтау министрі Денсаулық сақтау ардагерлеріне, практикалық дәрігерлерге және университеттің оқытушылар құрамына «Еңбек ардагері» медалін, сондай-ақ «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін»төсбелгілерін табыс етті.Медицина университетінің мерейтойы қарсаңында құрылған медицина ғылымдарының докторы, профессор Салидат Қайырбекова атындағы келесі беделді стипендияны ведомство басшысы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің 3 курс студенті Малика Айбековаға табыс етті.
«Үш жыл бұрын біз ЖОО-ны зерттеу университетіне айналдыруға бағытталған жаңа даму стратегиясын қабылдадық. Біздің ЖОО қабырғасында үш ғылыми-зерттеу институты табысты жұмыс істеуде. Зерттеу қызметін дамыту үшін біз ғылыми қызметкерлерді ғана емес, сонымен қатар жас зерттеуші студенттерді де белсенді қолдайтын арнайы ғылым қорын құрдық. Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Medipol University жетекші еуропалық университетінің филиалын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деді Астана медицина университетінің ректоры Камалжан Надыров конференцияға қатысушыларға арнаған сөзінде.
Екі күндік іс-шара шеңберінде мастер-кластар мен пікірталас панельдері жоспарланған, инновациялық емдеу әдістерінен бастап медициналық білім беру мәселелеріне дейінгі тақырыптардың кең ауқымын қамтитын көптеген баяндамалар ұсынылған.Қатысушылар денсаулық сақтау саласындағы заманауи сын-қатерлерді және болашақ медицинасы үшін кадрлар даярлауды, инновациялық технологияларды және оларды клиникалық практикада қолдануды, денсаулық сақтаудағы цифрландыруды дамыту трендтерін, медицина ғылымын дамыту перспективаларын, нақты кейстер бойынша тәжірибелік әзірлемелер мен зерттеулерді талқылауға ниетті.
Мерейтойлық конференция соңында Түркия, Ресей, Өзбекстан, Нидерланды медициналық жоғары оқу орындарының өкілдерімен әріптестік туралы бірқатар меморандумдар мен келісімдерге қол қою жоспарлануда.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -