Астанада «Қазақстан барысы» турнирінің палуандары ағаш отырғызды
Астананың жанындағы Үркер тұрғын алабында «Қазақстан барысы» турнирінің палуандары ағаш көшеттерін отырғызу акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
26 қазан күні Астана қаласы ХIII республикалық «Қазақстан барысы» турнирін қабылдайды. Беделді турнирде еліміздің әр аймағында іріктеу жарыстарынан өткен ең мықты 42 балуан қатысады. Осы доданың қарсаңында спортшылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдады.Қазақ күресіндегі Мақсат Исағабылов, Ерасыл Қажыбай сынды атақты балуандар «Үркер» тұрғын алабында ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулин көшесінде 20 көшет отырғызды.
«Тура бір жыл бұрын Нұра ауданында марқұм, өрт сөндіруші Асқар Забикулинге ескерткіш орнатып едік. Енді көшемізге қазақтың танымал спортшылары арнайы келіп, көшет отырғызғандары үшін алғысымды білдіремін. Қазақтың батырлары көпшілігі ауылдан шыққаны мәлім. Аталмыш акция да көпке үлгі болады деп сенемін», - деді Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова.
Жалпы биыл Нұра ауданында 8 мың көшет егілді.
«Маңызды спорттық жарыстың алдында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысқаныма қуаныштымын. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп айтып жатады ғой. Өзіміздің саналы іс-әрекеттеріміз арқылы ғана артымыздан ерген іні-қарындастарыма үлгі бола аламын. Сондықтан жақсылықты насихаттайтын шараларымыз көбейе берсін», - деді турнир қатысушысы Ерасыл Қажыбай.
Айта кетейік, айтулы бәсеке 26 қазан күні түскі 12:00-де «Барыс Арена» спорт сарайында басталады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -