Астанада қоғам белсенділері әлеуметтік топтарға қызмет көрсететін сегіз нысанның жұмысымен танысады
Елордада әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешу үшін үкіметтік емес ұйымдар құрған әлеуметтік орталықтардың Үйлестіру кеңесінің мүшелері түрлі әлеуметтік топтарға қызмет көрсететін сегіз нысанға барады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Нысандар қатарында – Strong mothers NS Қоғамдық Қоры ұйымдастырған көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балаларға арналған Bilim All оқу орталықтарының бірі.
«Өзім – көпбалалы анамын. Ал балаларым кішкентай кезінде қосымша білім алуына жағдай жасау қиынға түсті. Бұл өте қымбат болды. Сондықтан мен көпбалалы және толық емес отбасыларға арналған оқу орталықтарын ашуға бел будым. Қоғамдық қорды 2020 жылы құрдым, ал биыл біз әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне ендік. Біздің басты міндетіміз – балаларға қосымша негізгі мектеп пәндерін оқуға, шығармашылық дағдыларды дамытуға және өз әлеуетін ашуға мүмкіндік беру. Сонымен қатар, біз аналарға Egov.kz арқылы электронды қызметтерді пайдалану бойынша тегін кеңес береміз, сондай-ақ қайырымдылық акцияларын, мәдени іс-шаралар мен концерттер ұйымдастырамыз», - деді қор басшысы Райгүл Серікбаева.
Bilim All-дың төрт орталығына 200-ге жуық оқушы барады, олардың 80%-ы – халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары. Сонымен қатар, оқу орталықтарында студенттер практикадан өтеді, жас педагогтар мен «күміс» жастағы өкілдер еңбек етеді.
Іс-шараға қатысушылар қоғамдық қордың жұмысымен танысты, басшымен және қызметкерлермен әңгімелесті.
«Бүгін бізге қоғамдық қордың қызметімен танысуға мүмкіндік туды. Орталықтар елорданың шалғай аудандарында орналасқан, онда қосымша білім беру ұйымдарына шұғыл қажеттілік бар. Ай сайын талдау жүргіземіз және қалада балалардың бос уақытын пайдалы өткізу үшін инфрақұрылымға қажеттілік бар екенін көреміз. Оқу және білім беру үдерісінен басқа, орталықтарда көпбалалы аналарға арналған консультативтік қызметтер көрсетіледі. Олар сондай-ақ өмірлік қиын жағдайларда қолдау көрсетеді. Қор халықтың әлеуметтік топтары үшін мүмкіндіктер ұсынатынына өте қуаныштымын», - деп атап өтті Кеңес мүшесі және «Сенімен Болашақ» РҚБ өкілі Жансая Бердімұрат.
Іс-шараны ұйымдастырушылар тәжірибе алмасуға, тиімді тәжірибелерді зерделеуге және әлеуметтік қолдау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
«Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшелері әлеуметтік жобаларды іске асыратын және елорда әкімдігінің қолдауын алатын орталықтарды аралауға бастамашы болды. Мұндай сапарлар өте пайдалы. Біз негізінен құжаттамамен жұмыс істейміз, бірақ қаражаттың адамдарға қалай көмектесетінін өз көзіңізбен көру – ол мүлдем басқа деңгей. Келесі жолы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізсек, бұл тәжірибе бізге көмектеседі», - деп атап өтті Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл басқармасының басшысы Асылхан Көшкімбаев.
Кеңес мүшелері сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына, дағдарыс орталығына, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған әлеуметтік-оңалту орталығына, жартылай стационар жағдайында психологиялық және неврологиялық патологиялары бар 18 жастан асқан адамдарға қызмет көрсететін орталыққа барады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -