Қазақстан Конституциялық Соты Индонезия Конституциялық Сотының делегациясын қабылдады
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жұмыс сапарымен Индонезия Республикасы Конституциялық Сотының делегациясы келді. Шетелдік делегация құрамына судья Ариф Хидаят, Индонезияның Қазақстандағы және Тәжікстандағы Елшісі Мохамад Фаджрул Рахман және Индонезия Конституциялық Соты Аппаратының қызметкерлері кірді.
Конституциялық Соттың судьяларынан құралған қазақстандық тарапты Төрағаның орынбасары Бақыт Нұрмұханов басқарды. Кездесу барысында екі ел үшін де өзара қызығушылық тудыратын негізгі мәселелер талқыланды, сондай-ақ сот қызметін ұйымдастыру және конституциялық бақылау саласында тәжірибе алмасу өтті.
Сапар аясында судья Ариф Хидаят Қазақстан Конституциялық Соты Аппаратының қызметкерлері үшін дәріс өткізді. Жаһандық конституционализмді қолдау, бейбітшілік пен демократия мүддесі үшін трансұлттық сот желілерін нығайту тақырыбына арналған дәріс қатысушылары арасында қызығушылық тудырды.
Судья Қазақстан Конституциялық Сотының халықаралық алаңдағы белсенді рөлін тұрақты қолдау қажеттігіне назар аударды. Ол Қазақстанның Конституциялық Соты тек Орталық Азияда ғана емес, басқа демократиялық елдерде де конституциялық үстемдікті нығайтуда шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Сот институттарының, соның ішінде конституциялық соттардың трансұлттық желілерге қатысуының негізгі мақсаты олардың конституционализмнің қасиетті үш қағидатына: адам құқықтарын, демократияны және заңның үстемдігін қорғауға деген ұмтылысы болып табылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар кәсіби байланыстарды одан әрі дамыту және құқық үстемдігі саласындағы өзара тиімді әріптестікті нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -