Қазақстан мен Германия экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда
Астана, 2024 жылғы 15 мамыр – Астанада Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзердің қатысуымен Берлин Еуразиялық Клубының 40-шы отырысы өтті. Қазақстан мен Германия арасындағы инвестициялық қатынастарды тереңдетуге арналған іс-шарада Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева сөз сөйледі.
Іс-шарада тараптар сенімді саяси ынтымақтастықты нығайту, өзара сауданы кеңейту, көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика, ТМК, білім беру және т. б. салаларда бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
«Жаңа институционалдық және құқықтық шеңберлерде шикізат, өнеркәсіп және технологиялық салалардағы әріптестік туралы келісімді іске асыру» атты панельдік пікірталас шеңберінде Министрдің орынбасары Қазақстан Германиямен ынтымақтастықты дамытуға көп көңіл бөлетінін және ГФР-ді Еуропалық Одақтағы негізгі стратегиялық серіктес деп санайтынын атап өтті.
Н.Нұрбаева Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитеті атынан және «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясының белсенді қолдауымен жүйелі негізде инвестицияларды тартуға және халықаралық инвесторлармен ұзақ мерзімді әріптестік қатынастарды құруға өз үлесін қосатынын атап өтті.
«Үкімет «жасыл дәліз» қағидаты бойынша инвестжобаларды қолдау жүйесін іске қосады, ол инвесторлар үшін рұқсат беру құжаттамасын алу процесін жеңілдетеді, оның ішінде оларға жер учаскелерін беруді және коммуникацияларға қосылуды оңайлатады. Сонымен қатар, «жасыл дәлізбен» қатар біз пилоттық режимде жұмыс істеп тұрған ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Платформа өңірлер бөлінісінде қалыптасқан инвестициялық жобалар пулының іс жүзінде іске асырылуын қадағалап қана қоймай, инвестицияларды қолдау шараларын көрсетуге сұраныстар қабылдауға мүмкіндік береді», – деді қазақ дипломаты.
Сонымен қатар, министрдің орынбасары инвестициялық қатынастарды кеңейту үшін перспективалы салаларға тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан жыл сайын 10 млн тоннадан астам бидай жинап, әлемдегі ең ірі бидай өндірушілердің бірі болып табылады. Өткен жылы 12,1 млн тонна бидай жиналды, оның 7,2 млн тоннасы экспортқа кетті. Осыған байланысты астықты терең өңдеу бойынша жобаларды іске асыру үшін үлкен әлеует бар.
«Әлемдік трендтерді, сондай-ақ Қазақстанның жасыл экономикаға көшуін ескере отырып, саланың жаңа процестерін дамытудың шұғыл қажеттілігі пісіп-жетілді, ең алдымен бұл көмір химиясын дамыту. Көмір химиясын өңдеудің жаңа тәсілдері – көмірді жоғары тиімді газдандыру, көмірді сұйылту, көмірді метанолға және басқа химиялық заттарға айналдыру, көмірді тереңірек қайта бөлу арқылы мұнай-химия өнімдеріне айналдыру. Көмірден жаңа өнім түрлерін өндіру жаңа өткізу нарықтарына шығуға және соның салдарынан елдің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді», – деп атап өтті Министрдің орынбасары.
Сессия соңында Н.Нұрбаева аталған диалог алаңы екі елдің экономикалық және коммерциялық байланыстарын одан әрі нығайтуға және тереңдетуге мүмкіндік береді, бұл сауда және инвестициялық қатынастардың кеңеюіне ықпал етеді деген үмітін білдірді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -