Қазақстандық стартап жоба БҰҰ цифрлық қоғамдық игілігі ретінде танылды
Білім беру технологиясы саласындағы жетекші стартап CodiPlay БҰҰ Бас хатшылығының қолдауына ие Digital Public Goods Alliance (DPGA)* компаниясының цифрлық қоғамдық игілігі (DPG) мәртебесіне ие болды. Codiplay осындай деңгейдегі мәртебеге ие болған Қазақстандық үшінші компания және бұл жетістік компанияның жаһандық білім беру практикасына қосқан маңызды үлесін көрсетеді.
DPG мәртебесі БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) негізге алатын, құпиялылық туралы заңдарды сақтайтын, ашықтық пен қол жетімділіктің қатаң стандарттарына сәйкес келетін жобаларға беріледі. CodiPlay-ді DPG ретінде тану оның IT сауаттылықты әр балаға орналасқан жеріне немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан қолжетімді ету арқылы білім берудегі тең мүмкіндіктерді қамтамасыздандырудағы рөлін көрсетеді.
CodiPlay стартапы – жаһандық экспансияға арналған перспективті қазақстандық EdTech стартаптарының бірі. Бұл стартап Astana Hub акселерация бағдарламасының түлегі және 2021 жылы олар Seed Money бағдарламасы аясында технопарктен қаржы алды.
CodiPlay бүкіл әлем бойынша балалар арасында IT сауаттылықты арттыруға арналған кешенді шешім ұсынады. Codiplay қосымшасы қызықты мобильді ойындар арқылы Scratch, C++, және Python тілдерінде бағдарламалауды үйренуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, компанияның интернет заттары (IoT) жобаларын құруға арналған CodiKit жиынтықтары да бар. Сандық қоғамдық игілік ретінде танылған CodiTeach веб-платформасы мұғалімдерге оқу бағдарламаларын ұйымдастыруға арналған құралдарды да ұсынады.
CodiPlay негізін қалаушы және СЕО Жанәділ Талдыбаев: "БҰҰ-дан цифрлық қоғамдық игілік мәртебесін алу біздің компаниямыздың дамуындағы маңызды кезең болып табылады. Ұзақ процеске қарамастан, біз әрқашан IT сауаттылықты барлығына қолжетімді ету деген негізгі миссиямызды ұстандық. Бұл мәртебе біздің әлемдік аренадағы ұстанымымызды нығайтып қана қоймай, БҰҰ-ның барлығына сапалы білім беру жөніндегі жаһандық мақсатына қол жеткізуге ықпал етеді. Біз NURIS орталығына осы жетістікке жету жолындағы олардың қолдауы мен көмегі үшін шын жүректен алғыс білдіреміз."
ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі
Digital Public Goods Alliance - БҰҰ Бас хатшылығы қолдайтын көпжақты бастама. DPGA цифрлық қоғамдық тауарларды ашуға, дамытуға, пайдалануға және инвестициялауға ықпал ете отырып, табысы төмен және орташа елдерде тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдету үшін жұмыс жасайды. Бұл жобалар ашық бағдарламалық жасақтама, ашық деректер, ашық жасанды интеллект модельдері, ашық стандарттар және құпиялылық принциптері мен басқа да қолданыстағы заңдарды сақтайтын ашық мазмұн ретінде сипатталады.
Codiplay смартфон арқылы бағдарламалауды үйретуді мақсат ететін жүйе. CodiPlay жүйесін үш негізгі компонент құрайды: C++, Scratch және Python бағдарламалау тілдерін аркада ойындары арқылы үйрететін CodiPlay қосымшасы, IoT жобаларын құруға арналған CodiKit робототехника жиынтығы және оқытушыларды қолдауға арналған CodiTeach веб-платформасы. Бүгінгі таңда жүйеге Қазақстан, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Катар, Ұлыбритания, Сауд Арабиясы, Әзірбайжан және Индонезия мектептері қосылған.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -