Қазақстанның Ішкі істер министрі БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің полиция құрылымдары басшыларының саммитіне қатысты
26-27 маусымда Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденов Нью-Йоркте БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің полиция құрылымдары басшыларының кезекті саммитіне қатысты.
Іс-шараға 110 елдің Ішкі істер министрліктері мен полиция ведомстволарының басшылығы қатысты.
Саммит отырысын БҰҰ Бас хатшысының бітімгершілік операциялар жөніндегі орынбасары Жан-Пьер Лакруа ашты. Ол өз сөзінде халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және оның әлеуетін нығайту мәселесінің маңыздылығын атап өтті.
Министр Ержан Саденов қатысушылар алдында сөз сөйлеп, әріптестерін құқықтық тәртіпті нығайту және қылмысқа қарсы күрес бойынша Қазақстан ІІМ қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар етті.
Қазақстандық делегация басшысы жаңа сын-қатерлерге, оның ішінде адам саудасына, есірткі трафигіне, киберқылмысқа, экстремизмге қарсы іс-қимылда бірлескен ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді.
Саммит сессиялары барысында қатысушылар жаһандық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған полиция қызметінің сапасын арттыру мәселелерін, сондай-ақ полиция бөліністерінің БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысу аспектілерін талқылады.
Саммит аясында министр Ержан Саденов басқа елдердің полиция басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Онда полиция қызметінің әртүрлі салаларында ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды кеңейту перспективалары талқыланды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -