Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы мемлекеттік аудит сапасын арттыру мақсатында кадрлық әлеуетін күшейтуде
Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының 20 қызметкері мемлекеттік аудиттің тиімділігін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде халықаралық кәсіби біліктілікке ие болады.
Жоғары аудиторлық палата аудиторларын мемлекеттік сектордағы бухгалтерлік есепке алудың халықаралық стандарттарына (IPSAS) оқыту биыл 29 сәуір-4 мамыр аралығында Астанада өтеді. Іс-шара ҚР Үкіметі мен Азия даму банкінің білім және тәжірибе алмасу жөніндегі бірлескен бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылып отыр.
Оқу аяқталғаннан кейін Жоғары аудиторлық палатада көрсетілген бағыт бойынша сертификатталған аудиторлар саны жеткілікті болады. Сондай-ақ мемлекеттік аудитті жүргізу тәсілдері мен процестеріне тиісті өзгерістер енгізіледі. Бұл Жоғары аудиторлық палатаның мемлекеттік сектор ұйымдарын қадағалауын айтарлықтай нығайтады деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның өкілеттігін кеңейтетін заңнамаға енгізілген түзетулерге қол қойды. Атап айтқанда, Жоғары аудиторлық палата жергілікті бюджет қаражатына аудит жүргізу, сондай-ақ республикадағы барлық мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының аудит қорытындыларын қайта қарау құқығына ие болды.
Жоғары аудиторлық палата кадрлық әлеуетті арттыру бойынша жұмысты одан әрі жалғастырады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -