Цифрлық даму министрі Astana hub технопаркінің цифрлық инфрақұрылымымен таныстырды
ҚР Ұлттық экономика министрі, Премьер-министрдің орынбасары Нұрлан Байбазаров және ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Astana Hub инновациялық экожүйесін аралады. Кездесу барысында IT саласының даму перспективалары мен қазақстандық стартаптарды нақты экономика секторына интеграциялау мақсатында жас инноваторларды қолдау мәселелері талқыланды.
Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев технопарктің қызметі мен Қазақстанның IT-экожүйесі туралы айтып, хаб бойынша экскурсия өткізді. Astana Hub IT-бизнес үшін экожүйені құру және дамыту, IT-мамандарды дайындау және стартап жобаларды қолдау бағытында белсенді жұмыс істеуде. Технопаркта білім беру және акселерациялық бағдарламалар жұмыс істейді, олар экспортқа және инвестиция тартуға бағытталған.
Қазіргі уақытта технопаркте 1500-ге жуық IT-компания тіркелген, оның ішінде 400-ден астамы шетелдік азаматтардың қатысуымен ашылған компаниялар. Резиденттер бизнесті дамыту және ауқымын кеңейту бағдарламаларын, арнайы салық және визалық жағдайларды, ақпараттық-білім беру қолдауын және материалдық инфрақұрылымды қамтитын жан-жақты қолдау алады, бұл олардың халықаралық нарықтарға шығуына ықпал етеді.
Astana Hub қатысушылары үшін арнайы қолайлы экожүйе құрылғанын атап өткен жөн. Қазақстанда сатылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің айналымы бойынша КТС, ЖТС және қосылған құн салығын төлеуден босатуды көздейтін арнайы салық режимі түріндегі преференциялар қолданылады. Сондай-ақ IT-компаниялар жұмыс орындарымен және серіктестік бонустармен қамтамасыз етілген. Аталған мемлекеттік қолдау шараларының барлығы оларға үнемделген қаражатты жобаларды дамыту және ілгерілету үшін қайта инвестициялауға мүмкіндік береді.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі және Цифрлық даму министрі Astana Hub қатысушылары және IT-компаниялардың өкілдерімен кездесіп, бірқатар отандық инновациялық жобалардың жұмысымен танысты.
Alaqan стартапы – контактісіз төлем жүйесі: транзакцияларды биометрия технологиясын қолдана отырып, алақан тамырларын тану арқылы жүзеге асыруға болады. Отандық жоба 2020 жылдан бері нарықта және бүгінде үш өнімге ие: Alaqan Pay, Alaqan Mektep және Alaqan HR. Alaqan жүйесінде 100 мың белсенді пайдаланушы, айына 1,2 млн сәйкестендіру және $300 мың инвестиция көлемі бар.
Кремний алқабында акселерациядан өткен жоба Қазақстанда мектептердің бірінде сәтті қолданылуда. Әзірлеушілер стартапты елде және шетелде одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда отандық әзірлемеге Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс және Түркия елдері қызығушылық танытып отыр, оны 500 емханаға орнату жоспарлануда.
Сондай-ақ, NeuronOil жобасы ұсынылды, бұл мұнай кен орындарын игеру веб-симуляторы, ол ұңғымалар арасындағы сандық модельдеуді машиналық оқытумен бірге қолданады. Технология тәуліктік мұнай өндіруді шығындарды арттырмай ұлғайтуға немесе жоспарланған өндіру көлемдерін сақтай отырып, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. NeuronOil ТМД-да жаңа тәсілдерді қолдану бойынша көшбасшы болып табылады және жоғары практикалық нәтижелер көрсетуде.
Сонымен қатар, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министріне CodiPlay жұмысы таныстырылды, бұл ғаламдық экспансияға бағытталған перспективалық қазақстандық EdTech стартапы. Жоба жасанды интеллект және виртуалды шындықты пайдалана отырып, Қазақстан, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Катар, Әзірбайжан, Индонезия және Ұлыбритания мектептерін өз жүйесіне қосты. Негізін қалаушылар білімді әр бала үшін қолжетімді және қызықты етуді мақсат етеді.
ЦДИАӨМ баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -