ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «КӨТЕРЕ АЛМАЙТЫН ШОҚПАРДЫ БЕЛІҢЕ БАЙЛАМА!»
Түркістан облысында ауылдар мен елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, халықты әлеуметтік нысандармен қамту жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына жұмыс сапарында бірнеше әлеуметтік нысанның құрылыс барысын қадағалады. Келес аудандық «Абай» ауруханасы ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысқан облыс әкімі жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты сын айтып, шұғыл түрде ретке келтіруге уақыт берді. Ішкі әрлеу жұмыстарын өзгертіп, жұмысқа жанашырлықпен қарауды ескертті. Сапаның сақталуына қатаң бақылау жүргізуді тапсырды. Бастысы – құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес аяқталуы тиіс. Олай болмаған жағдайда жауапты компанияларға шара көріледі.
– Осы құрылыс басталмай тұрып, проблемасы бітпеп еді, әлі солай. Бір мердігер кетіп тынды, екіншісінің тірлігі мынау. Көтере алмайтын шоқпарды белдеріңізге байлап нелеріңіз бар? Атүсті жүріп, жұмыс істеген соң сапа да оңбайды. Ең арзан құрылыс материалдарын пайдалануды қою керек. Бұл –аурухана! Мұндай қаражатқа жаңасын салуға болады. Біреу кедергі келтірсе, маған айтыңыз! Бірақ, уақытында және сапалы тапсырылсын, – деді Дархан Сатыбалды.
Аталған аурухана – 200 төсек-орындық. Мұнда 63 дәрігер, 260 орта буын қызметкері бар. Ғимарат көлемі – 7879,5 шаршы метр. Тапсырыс беруші – «Абай» Келес аудандық ауруханасы ШЖҚ МКК. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Абай ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 600 орындық мектеп салынуда. Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna» АҚ. Құрылыс жұмысы жұмысы 2025 жыл аяқталады деп көзделген. Жалпы сметалық құны – 4,8 млрд теңге.
Облыс әкімі мектеп құрылысына қатысты ұсыныстары мен пікірлерін айтты. Созбалаңға салмай, сапалы атқаруды тапсырды.
Одан кейін Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы спорт кешенінің құрылысын тексерді. Аталған нысанның жер аумағы – 1,5 гектар. Құрылыс 2023 жылдың маусым айында басталған. Мұнда спортты дамытуға қолайлы жағдай жасалмақ.
Дархан Сатыбалды аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына жұмысты жүйелі әрі жауапкершілікпен атқаруды жүктеді. Құрылысты кешіктіргендерге заң шеңберінде шара көрілетінін ескертті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -