Электрондық сауда саласын дамыту
Астанада Қазақстанда электрондық сауданы дамытуға арналған дөңгелек үстел өтті. Ашық диалог форматында ұйымдастырылған іс-шара өзекті мәселелерді талқылауға және тиімді шешімдерді бірлесіп іздеуге арналған алаңға айналды. Оған Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, сондай-ақ негізгі мемлекеттік органдардың өкілдері, «Атамекен» ҰКП және бизнес қауымдастықтары, соның ішінде «QAZTECH» Альянсының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әсет Исекешев қатысты.
Елдегі электрондық сауда қарқынды дамып келеді. 2020 жылдан бастап оның көлемі 476,7 млрд теңгеден 2023 жылы 2,4 трлн теңгеге дейін өсті, бұл жалпы бөлшек сауда көлемінің 12,7%-ын құрады. Үкімет бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 18,5%-ға жеткізуді көздейді, осыған байланысты 2027 жылға дейін электрондық сауданы дамыту жоспары әзірленген. Ол заңнаманы жетілдіру, кәсіпкерлерді оқыту және халықаралық маркетплейстермен өзара әрекеттесу шараларын қамтиды.
Кездесу барысында қатысушылар e-commerce саласындағы компаниялар кездесетін негізгі мәселелерді атап өтті. Талқылаудың басты аспектілерінің бірі әділ бәсекелестікті қолдау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, жеке деректерді қорғау және бизнес үшін нарықтық жағдайларды жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу болды. Мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы бірлескен жұмысқа, сондай-ақ елде электрондық сауданың дамуы үшін бәсекеге қабілетті және тұрақты орта құруға ерекше назар аударылды.
«QAZTECH» Альянсының басқарушы директоры Нұрлан Рахметовтің айтуынша, электрондық сауда шағын және орта бизнес үшін маңызды. Ол реттеуші тепе-теңдіктің, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың және e-commerce тұрақты өсуіне ықпал ететін инфрақұрылым құрудың маңыздылығын атап өтті.
«Nemo.kz» ЖШС-нің сатушысы Елдос Хапез электрондық сауданың шағын және орта бизнеске оң әсерін атап өтіп, бұл өз өндірісін жолға қоюға мүмкіндік бергенін айтты.
«Біз 2020 жылдан бастап электрондық сауда нарығында жұмыс істейміз. Осы уақыт ішінде 2 млрд теңгеден астам салық төледік, бізде 70 қызметкер, 9 дүкен және ауданы 7 мың шаршы метр қойма бар. Мониторлар саласында өз брендімізді дамытып, тауар белгісін тіркедік. 2024 жылы нарықтың 10%-ын алып, ТОП-4 брендтің қатарына кірдік. Сондай-ақ тұрмыстық техника өндірісін бастап, құрастыру цехтарын ашуды жоспарлап отырмыз», - деді Елдос Хапез.
Сауда министрі Арман Шаққалиев кеңес қорытындысы бойынша қойылған мәселелерді жүйелі шешуге арналған жобалық топ құруды ұсынды.
«Сауда саласындағы уәкілетті орган ретінде біз жобалық топты құруға бастама көтеріп, сіздерді оның құрамына кіруге шақырамыз. Жобалық топ аралас салаларға ықпал ететін және мультипликативті әсері бар 4-5 негізгі жүйелік шешім әзірлейді. Олардың ішінде көлеңкелі айналымды тоқтату, отандық өндіріс тауарларын сату көлемін арттыру, электрондық сауда саласына қатысушылар санын көбейту, сондай-ақ тұтынушылар үшін қауіпсіз және сапалы тауарлардың қадағалануын қамтамасыз ету мәселелері бар», - деп атап өтті Арман Шаққалиев.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -