Италия банкі Қазақстан нарығына кіруге ниетті
Қазақстанда Cassa Depositi e Prestiti мемлекеттік банкінің несие желісі ашылуда. Бұл жайында Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Италияның сыртқы істер министрінің орынбасары Эдмондо Чириеллидің екі жақты кездесу барысында мәлім болды.Арман Шаққалиевтің айтуынша, Италия Еуропалық Одақ елдері арасында Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып табылады. 2023 жылы екі ел арасындағы жалпы тауар айналымы $16,1 млрд құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,8%-ға көп. Қазақстаннан Италияға экспорт $14,8 млрд жетті, ал импорт $1,2 млрд құрады, бұл өсімнің оң динамикасын көрсетіп отыр.
Сауда-саттықтың өсуі ағымдағы жылы да жалғасын тапты. 2024 жылдың сегіз айында сауда көлемі 33%-ға өсіп, $13,8 млрд құрады, бұл ретте қазақстандық өнімнің экспорты 36% -ға артып, $12,9 млрд. жетті
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 29 қазанда Астанада экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Италия үкіметаралық жұмыс тобының (ҮАК) 9-шы отырысы өткенін атап өтті. Отырыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар айында Италияға сапарынан кейінгі тапсырмасы шеңберінде өтті және сауда-экономикалық мәселелерді талқылауда маңызды рөл атқарады.Өз кезегінде италияндық қонақ Эдмондо Чириелли шақырғаны үшін алғысын білдіріп, кездесудің маңыздылығын атап өтті.
«Біздің сауда-экономикалық саладағы қарым-қатынасымыз нығая түсетініне сенімдіміз. Қазақстан Орталық Азияда негізгі орынға ие және Еуропаны өңірмен байланыстырады. Екіжақты сауда көлемі едәуір өсті және біз қол жеткізілген нәтижелерге қанағаттанамыз. Біз Қазақстанда Cassa Depositi e Prestiti мемлекеттік банкінің несие желісін ашуды жоспарлап отырмыз. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың дами беретініне сенімдіміз. Бұл кездесулерді өткізу біздің ынтымақтастығымыздың алты жылдық кезеңін аяқтаған маңызды кезең болды», - деді Италияның сыртқы істер министрінің орынбасары.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -