Конституциялық Сот еліміздегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауын жариялады
Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова Парламент Палаталарының бірлескен отырысында 2023 жылғы конституциялық iс жүргiзу практикасын жинақтап қорыту нәтижелерi бойынша Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауын ұсынды.
Азимова баяндама барысында конституциялық бақылау органына өткен жылы азаматтардан бес мыңнан астам өтініш түскенін хабарлады.
Бұл ретте азаматтардың өтініштерінің едәуір саны нақты істер бойынша соттардың шешімдерін жою немесе қайта қарау, сондай-ақ құқық қорғау органдары жекелеген қызметкерлерінің іс-әрекеттерінің заңдылығын тексеру туралы өтініштер болды, бұл мемлекеттік органдардың өздері мен соттың айрықша құзыретіне жатады.
Азимова қолданыстағы құқық қорғау институттары туралы хабардар болмау немесе оларға сенімсіздік салдарынан азаматтар көбінесе құқықтық құралдарды уақтылы пайдалана алмайтындығын атап өтті. Осы тұрғыда Үкімет пен уәкілетті мемлекеттік органдарға азаматтар арасында олардың құқықтарын қорғаудың барлық қолданыстағы құқықтық тетіктері туралы құқықтық түсіндіру жұмыстарын жандандырудың орындылығына назар аударды.
Сонымен қатар, Эльвира Азимова 2023 жылы 7 шешімде Конституциялық Сот заңдардың нормаларын конституциялық емес деп танығанын және 12 шешімде қолданыстағы нормаларға Конституцияға сәйкес жаңы түсіндірме бергенін хабарлады.
Конституциялық Сот 2023 жылы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңдардың; Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару, Еңбек, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, Әкімшілік рәсімдік-процестік, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі), Азаматтық кодекстердің; «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдардың жекелеген нормаларын және Жоғарғы Соттың кейбір нормативтік қаулыларын тексерді.
Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова нормативтік қаулыларда көрсетілген Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдары мен ұсынымдарын егжей-тегжейлі баяндап, депутаттардың назарын еліміздегі конституциялық заңдылықтың қамтамасыз етілуін бақылауды күшейту үшін қажетті нақты шараларға аударды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -