Конституциялық Сот пен Бас прокуратура конституциялық бақылау органы шешімдерінің орындалуына прокурорлық қадағалауды күшейту мәселелерін талқылады
Бүгін Бас прокуратурада Конституциялық Сот Төрағасы Эльвира Азимова мен Бас Прокурор Берік Асыловтың Конституциялық Сот судьялары, Бас Прокурордың орынбасарлары, конституциялық бақылау және қадағалау органы Аппараттары басшыларының қатысуымен, сондай-ақ облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының прокурорларын онлайн қосумен кездесуі өтті.
Кездесу Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларын іске асыру мәселелерін қарауға арналды.
Осы уақытқа дейін Конституциялық Сот 45 нормативтік қаулы шығарды. 8 қорытынды шешімде қолданыстағы заңнаманың бірқатар нормаларының Ата Заңға қайшы келетіндігі туралы қорытынды жасалды. Конституциялық Сот 13 жағдайда заң нормаларына түсіндірме берді.
Тараптар елдегі конституциялық заңдылық режимін қамтамасыз ету үшін шұғыл заңнамалық өзгерістердің қажеттілігі туралы бірыңғай түсінікке келді. Атап айтқанда, Конституциялық Сот заңдарды немесе олардың жекелеген ережелерін Конституциялық Соттың түсіндірмесінде Конституцияға сәйкес деп таныған жағдайда соттар мен өзге де құқық қолдану органдарының шешімдерінің күшін жою және қайта қарау туралы сөз болды.
Эльвира Азимова демократиялық құндылықтарды, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін, құқықтық жүйенің тұрақтылығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында конституциялық заңдылықты нығайту барлық мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың, қоғамдық институттар мен азаматтардың қызметінде басым болып табылатынын атап өтті.
Конституциялық Соттың судьялары өз сөздерінде нормативтік қаулыларды іске асыру, конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жүйелі құқықтық мониторингті қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды, қабылданған қорытынды шешімдер туралы айтып, құқық қолданушылар назар аударуы қажет өзекті құқықтық ұстанымдарды көрсетті.
Өз кезегінде Берік Асылов Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары құқық қолдану практикасындағы маңызды элемент болып, олардың орындалуы еліміздің әрбір азаматының конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілі болып табылатынын атап өтті.
Кездесу барысында прокурорлар Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларын орындау бойынша қабылданған шаралар туралы хабардар етті. Атап айтқанда, Конституциялық Сот ұстанымдарының сәйкестігіне прокурорлар 15 мыңнан астам қылмыстық және 4,5 мың азаматтық істерді тексерді, сотталғандардың 3 мың шағымдары мен өтініштерін, сондай-ақ сотқа дейінгі іс жүргізуде бұлтартпау шараларын қолдану туралы 3,5 мың материалдарды зерделеді.
Кездесу қорытындысы бойынша Бас Прокурор барлық прокурорларға Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларын қадағалау қызметте тікелей қолдануды қамтамасыз етуді тапсырды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -