Конституциялық Соттың Төрағасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басшылығымен кездесті
Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова АХҚО Сотының Төрағасы Лорд Ян Бернеттпен, АХҚО Халықаралық төрелік орталығының (ХТО) Төрағасы Томас Крюммельмен, АХҚО Сотының тіркеушісі және ХТО аппаратының басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холтпен, АХҚО Сотының және ХТО-ның Сот ісін жүргізу департаментінің басқарушы директоры Алмат Игенбаевпен кездесті.
Кездесу барысында Эльвира Азимова Бас Прокурордың өтінішіне байланысты сотқа дейінгі тергеудің заңдылығына жоғары қадағалауды жүзеге асыру кезінде сотта мемлекет мүддесін білдіру жөніндегі прокуратураның құзыреті туралы конституциялық норманы ресми түсіндіру туралы Конституциялық Сот қабылдаған қорытынды шешім туралы хабардар етті. Сондай-ақ, Азимова Эльвира «Төрелік туралы» Заңның 52-бабы 3-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы азаматтың конституциялық іс жүргізуге қабылданған өтініші туралы хабардар етті. Даулы норма төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішті қарау кезінде соттың төрелік шешімді мәні бойынша қайта қарауға құқығы жоқ екенін белгілейді.
Осы орайда Эльвира Азимова АХҚО Халықаралық төрелік орталығының өкілін ЮНСИТРАЛ Заңы және ЮНСИТРАЛ модельдік заңы негізінде төрелік туралы ұлттық заңдарды қабылдаған басқа мемлекеттердің заңнамалық тәжірибесі бойынша тәуелсіз сарапшы ретінде қатысуға шақырды. Шетелдік қатысушылар көру қабілеті нашар немесе соқырлығы бар азаматтар үшін Қазақстан Республикасы Конституциясының мәтінін қазақ және орыс тілдерінде Брайль тіліне аудару жөніндегі Конституциялық Соттың инклюзивті жобасын құптады. Бұл жоба ЕҚЫҰ кеңсесі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Оның тұсаукесері Конституциялық Сотта Астанадағы мамандандырылған білім беру мекемелері, Қазақстан кітапханалары, сондай-ақ дипломатиялық корпус пен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өтті (https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/787201?lang=kk).
АХҚО басшылығымен кездесудің қорытындысы бойынша Конституциялық Сот Аппараттының және басқа да мүдделі органдардың қызметкерлері үшін бизнес және адам құқықтары, төрелік талқылауларда адам құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша қонақ дәрістерін бірлесіп өткізу туралы уағдаластық жасалды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -