ӨМІР БОЙЫ ОҚУ: БІЛІМ БЕРУ МЕН ЕҢБЕК НАРЫҒЫН ЖАҚЫНДАТУ ЖОЛЫ
Алматы қаласында заманауи еңбек нарығының талаптарына білім беру жүйесін бейімдеудің құралы ретінде микроквалификацияларды дамытуға арналған семинар өтті.
Стратегиялық серіктестер форумының аясында Италияның Академиялық мобильділік және тану ақпараттық орталығы (CIMEA) мен ҚР ҒЖБМ Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығы арасында микроквалификациялар бойынша семинар ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілген болатын.
Семинар Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қолдауымен өткізілді.
Семинар жұмысына Қазақстанның 103 жоғары оқу орны мен колледждерінің өкілдері қатысты.
Семинардың ашылуында сөз сөйлеген ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова бейресми білім беру және микроквалификацияларды реттейтін нормативтік-құқықтық актілер туралы айтты. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бану Нарбекова микроквалификацияларды әзірлеу және енгізу стандарттары туралы баяндама жасады. «Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Ляззат Шонаева кәсіби біліктіліктерді әзірлеудегі Ұлттық палатаның рөліне тоқталды. Ұлттық біліктілік жүйесінің әдістемелік қолдау департаментінің директоры Сандуғаш Конқаева кәсіби біліктіліктерді дамытуда әртүрлі құрылымдардың өзара іс-қимылы туралы баяндады.
CIMEA бас директоры Лука Лантеро және директоры Киара Финокетти халықаралық тәжірибе жайлы атап өтті. Олар Италияның тәжірибесі мен микроквалификациялар саласындағы халықаралық стандарттарды ұсынды.
Семинар бағдарламасы экономикадағы негізгі салаларда: IT, маркетинг, қаржы және өндіріс салаларында микроквалификацияларды енгізудің табысты үлгілерін талқылауды қамтыды. Іс-шараның қорытындысында Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығы мен CIMEA арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл Қазақстанның білім беру жүйесіне халықаралық тәжірибені интеграциялауға жол ашады.
Үш күнге созылатын семинар қатысушыларға халықаралық тәжірибелерді жан-жақты зерделеуге және CIMEA-ның жетекші мамандарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Бұл шара кәсіби білім беруді жаңғыртуда және оның еңбек нарығының өзекті талаптарымен байланысын нығайтуда маңызды қадам болды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -