Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде биылғы жылдың бірінші жарты жылдығындағы жұмыс қорытындылары талқыланды
Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде агенттік төрағасы Дархан Жазықбайдың басшылығымен ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығындағы жұмыс қорытындысын талқылау бойынша жұмыс отырысы өтті. Отырысқа Агенттік және оның аумақтық департаменттерінің басшылығы мен қызметкерлері қатысты.
МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Агенттіктің алдында мемлекеттік қызметтің барынша ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды міндеттер тұрғанын және бүгінде бірқатар шаралардың жүзеге асырылғанын атап өтті.
Мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және адами капиталды ілгерілету бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. «Е-Qyzmet» базасындағы онлайн іріктеу жүйесі 44 мемлекеттік органда іске қосылып, одан әрі 47 мемлекеттік органда енгізу жоспарлануда. Жоғары оқу орындары мен Мемлекеттік басқару академиясының үздік түлектерін конкурссыз тағайындау тәжірибесі енгізілгеннен кейін өңірлерге жас кәсіби мамандарды тартудың оң үрдісіне қол жеткізілді. Тек, биылғы жылдың 6 айында 114 түлек конкурстан тыс тағайындауларға ие болып отыр.
Жеке сектордағы мамандардың біліктілігі мен салалық тәжірибесіне сәйкес «Б» корпусының жоғары лауазымдарына Агенттіктің келісімімен 463 адам конкурссыз тағайындалды.
Агенттік мемлекеттік қызметшілердің құзыреттері мен дағдыларын жетілдіруге ерекше назар аударды. Осы мақсатта МҚІА шет елдермен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту бойынша жұмыс жүргізуде. Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында мемлекеттік басқаруды трансформациялау саласындағы тәжірибемен алмасу аясында 3 көшбасшылық бағдарлама бойынша басшылық лауазымдағы 90 қызметші үшін өтеусіз негізде оқыту курстарын өткізу туралы келісім жасалды. Түркия Республикасы Президентінің жанындағы Адам ресурстарын басқару кеңсесі арасында жасалған меморандум аясында 14 мемлекеттік қызметші осы елде тағылымдамадан өтті. АҚШ-тың Кадр қызметі басқармасымен және Корея Республикасының Персоналды басқару министрлігімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылау мәселелері туралы айта келе, Дархан Жазықбай азаматтардың сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты өтініштеріне дереу ден қоюдың маңыздылығына тоқталды.
«Жыл сайын негізсіз бас тартуларға тап болып жүрген орта есеппен алғанда 1 200-ден астам қызмет алушылар өз құқықтарын қалпына келтіру үшін барлық қызмет алу процесін қайтадан бастауға мәжбүр. «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңына енгізілген соңғы өзгерістердің арқасында аталған жағдайларға шектеу орнатылды. Осы өзгерістерге сәйкес әр қызмет алушының құқығы қайта, арызбен жүгінбестен дереу қалпына келтірілуі тиіс», - деді МҚІА төрағасы.
Отырыс барысында мемлекеттік қызметте кадрлық ресурстардың сапасын арттыру мен қолайлы жағдай жасауды ұйымдастыру, «келісімшарттық қызметшілер» институтын енгізудің тиімділігі, өңірлердегі әдеп жөніндегі уәкілдер мен әдеп кеңестерінің қызметі жан-жақты сараланды. Мемлекеттік аппаратты одан әрі бюрократиядан арылту және оны цифрландыру шараларын жетілдірудің маңыздылығы атап өтілді.
МҚІА төрағасы аумақтық бөлімшелердің басшыларына Агенттіктің жаңа заңнамалық бастамаларын және оларды сапалы жүзеге асыру қажеттілігін айтып, Өңірлік кадр резервтері бойынша жүргізіліп жатқан іріктеудің объективтілігін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Мемлекет Басшысы алға қойған міндеттер Агенттік жұмысының негізгі бағдары. Ашық, әділ және сервистік сипаттағы мемлекеттік аппаратты толыққанды қалыптастыру үшін ең алдымен басшылық лауазымдағы адамдар өздерінен бастауы керек. Мемлекеттік қызметшілер өз жұмысының барлық аспектілерінде әділетті мемлекет құндылықтарының маңыздылығын түсінуі тиіс. Мемлекет басшысының «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін деген» ұстанымы мемлекеттік аппараттың жұмысында айқын көрініс табуы қажет», - деді Агенттік төрағасы.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -