Мерзімді қызмет сарбаздарына жоғары оқу орнында тегін оқуға 1500 грант бөлінді
Білім беру гранттарын бөлу рәсімінің ашық өтуін Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрліктері және Ұлттық ұлан өкілдерінен құралған комиссия қадағалады.
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім беру жеңілдіктерін алу жөнінде жаңа талаптар пайда болатынын мәлімдеді. Екі бейіндік пән бойынша тестілеу қосылады. Бұдан өзге мемлекеттік грант берілген сарбаздар шәкіртақы алатын болады. Оларға оған қоса, алғашқы оқу жылы студенттік жатақханаға орналастыруға басымдық беріледі.
2023 жылы күзде әскерге шақырылған мерзімді қызметтің 17 927 сарбазы тегін оқуға бір жарым мың орынды бөлу рәсіміне қатысты. Конкурсқа Қорғаныс министрлігінен – 8 169, Ұлттық ұланнан – 6 441, ТЖМ – 315, Шекара қызметінен – 2 715, Мемлекеттік күзет қызметінен – 287 сарбаз қатысты.
Іріктеудің ашықтығын «Срочники 2.0» ақпараттық жүйесі қамтамасыз етті, онда күш құрылымдарының 161 әскери бөлімі қызметтің барлық кезеңінде сарбаздардың үлгерімі мен тәртібі бойынша нәтижелер енгізді.
Әрбір әскери қызметшіге үш жоғары оқу орнын таңдауға болады. Олардың арасында жастардың ең үлкен қызығушылығын тудырған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, NARXOZ, Astana IT University, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті болды. Әскери жоғары оқу орындарына түсуге 1031 сарбаз өтініш берді.
Бөлу рәсімі әскери қызметшілердің рейтингіне қарай күш құрылымдарының үш базасы бойынша автоматты түрде іске асырылды.
Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаеваның айтуынша, жобаны іске асырудың барлық кезеңінде 4500 сертификат берілген. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап 1039 мерзімді қызмет сарбазы оқуға кірісті, олардың 581-і тегін оқу грантын пайдаланды. Қалған азаматтар жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз ақылы бөлімге түсті. 2023 жылы оқуға 615 сарбаз қабылданды, олардың 189-ы ақысыз оқиды.
Әскерде болған сарбаздар үшін тағы бір артықшылық бар. Студенттің қалауымен ол запастағы офицер бағдарламасы бойынша әскери кафедраға конкурссыз қабылданады, яғни онда ол тегін оқи алады. Бүгінгі таңда әскери кәсіпті таңдаған 20-дан аса адам әскери кафедраға түсті.
Грант иелерінің тізімдері әлеуметтік желілерде жарияланып, еліміздің жоғары оқу орындарына жіберіледі. Мемлекеттік гранттар сияқты сертификаттар да ауыстыру мүмкіндігінсіз QR-кодпен қалыптастырылады.
Бұдан бөлек, платформаға соңғы үш жыл ішінде әскерге шақырылған 83 385 сарбаз тіркелгенін атап өтелік.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -