Нұрдәулет Қилыбай: Халық пен билік арасындағы байланысты нығайтатын кез келді
Бүгін, 27 тамызда облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Маңғыстау облысы әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Биыл Маңғыстауда жергілікті атқарушы органдары арқылы 4 846 946 мемлекеттік қызмет көрсетілген. 2023 жылмен салыстырғанда 4,7%-ға өскен. Тұрғындардың басым бөлігі мемлекеттік қызметті электронды түрде алғаны байқалады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұловтың айтуынша, 2023 жылы мен 2024 жылдың 6 айында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасымен 32 бақылау жүргізілді. Бақылау нәтижесінде барлығы 5 554 бұзушылық анықталды.
Сонымен қатар алғашқы жартыжылдықта мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бағыты бойынша 34 өтініш түсіп, оның 18 қаралған. 6 өтініш бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 6 арыз иесінің уәжі дәлелденіп, құқығы қорғалды. Ал сұрау салу тәртібімен 12 өтініш қаралып, 4 қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді.
Дегенмен халықтың мемлекеттік қызмет көрсету сапасына көңілі толмайды. Биыл шағымның 76% Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарына қатысты түскен. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтің сапасына жауапты құрылымдық бөлімшелерімен 36 ішкі бақылау іс-шарасы жүргізіліп, нәтижесінде 1623 бұзушылық анықталған.
Сонымен қатар жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық баяндама баяндалды.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай халық пен жергілікті атқарушы органдар арасындағы ашықтықты қалыптастыруда жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.
- Мемлекеттік деңгейде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, халықтың толғандырған сұрақтары мен өтінішіне уақытылы жауап беру өте маңызды. Халық билікке сенім артып отыр. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар арасында үнемі ашықтық болып, дер кезінде мәселесі назарға алынуы керек. Халық пен билік арасындағы байланысты нығайтатын кез келді, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -