Омбудсмен Артур Ластаев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев адам құқықтары саласындағы өзекті мәселелерді талқылады
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Омбудсмен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар адам құқықтары саласындағы бірқатар мәселелерді, осы саладағы ынтымақтастықтың болашағын талқылады.
Атап айтқанда, Артур Ластаев Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінің, сондай-ақ өңірлік өкілдіктердің қызметі туралы айтты. Ол 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында кеңсеге жалпы саны 3148 шағым түскенін, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,3%-ға көп екенін атап өтті.
Бұл ретте, Уәкілдің Шығыс Қазақстан облысындағы өкілі уәкілетті органдармен бірге, түскен шағымдардың 80 пайыздан астамын шешкен.
«Жергілікті атқарушы органдардың шетте қалмай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты біздің өкілдіктің ұсыныстарын жедел ескеруге тырысатыны қуантады. Олардың адам құқықтарын қорғауға белсенді қатысуы мен ынтымақтастыққа ұмтылуы – әрбір адамның құқығы сақталатын әділ де қауіпсіз қоғам құруға қосылған маңызды үлес», – деді Артур Ластаев.
Кездесу барысында тараптар өңірдегі құқық қорғау қызметін жақсарту бойынша алдағы жасалатын қадамдарды талқылады.
Ермек Көшербаев Омбудсменнің бастамаларын қолдауға қашан да дайын екенін, азаматтардың құқықтарының бұзылуы туралы мәселелерді тиімді шешу үшін бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлерге құқықтық оқу-ағарту іс-шараларын жүргізу қажеттігі айтылды. Артур Ластаев тәрбие жұмысы Омбудсмен функцияларының негізгі бағыттарының бірі екенін баяндады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі бұл мәселені қолдап, әкімдік өз тарапынан облыстағы білім беру ұйымдарында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын дайындайтынын айтты.
Кездесу нәтижесінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумның негізгі мақсаты адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау және ілгерілету, сондай-ақ оларды қорғауға жәрдемдесу мәселелерінде күш-жігерді біріктіру.
Меморандум аясында тараптар жедел өзара іс-қимылды ұйымдастыру және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталмауының алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жасауды ұйымдастырып, тәжірибе және ақпарат алмасу, құқық қорғау институттарымен және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасау бойынша ынтымақтастықты нығайтуды жоспарлауда.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -