Орталық референдум комиссиясының екінші отырысы туралы
6 қазанға тағайындалған республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу шеңберінде 2024 жылғы 16 қыркүйекте ҚР Орталық референдум комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті, онда келесі мәселелер қаралды:
Мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайларды қамтамасыз ету туралы; Жергілікті атқарушы органдардың дауыс беруге арналған учаскелерді материалдық-техникалық жарақтандыру, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау, референдум комиссиясына республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін ұсыну жөніндегі жұмысы туралы; Республикалық референдумды өткізу кезінде дауыс беруге арналған бюллетеньдер дайындау туралы; Республикалық референдумда дауыс беру тәртібі туралы; Республикалық референдумға халықаралық ұйым мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы.Отырысқа ОРК мүшелері, сыртқы істер, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, ішкі істер министрліктерінің, БАҚ өкілдері қатысты. Облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының аумақтық референдум комиссияларының төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ өңірлер әкімдері аппараттарының басшылары бейнеконференцбайланыс режимінде қатысты.
Отырыстың онлайн-трансляциясы сурдоаударманы қамтамасыз ете отырып, Интернет-ресурс пен YouTube арқылы өтті.
Бірінші мәселе бойынша референдум өткізу кезінде мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайларды қамтамасыз ету туралы Орталық референдум комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасады.
Ол мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету Орталық референдум комиссиясы қызметінің сөзсіз басымдығы болып табылатынын хабарлады. 2024 жылғы 3 қыркүйекте референдум дайындау жөніндегі науқан шеңберінде бірінші отырыста мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайларды қамтамасыз ету туралы қаулы қабылданды.
Осы қаулыға сәйкес жергілікті атқарушы органдарға референдум учаскелерінде мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасау жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылды. Дауыс беруге арналған үй-жайларды жарақтандыру бірқатар міндетті шараларды көздейді: үй-жайлардың физикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету, тактильді көрсеткіштерді, дауыс беруге арналған арнайы кабиналарды, құлаққаптары бар компьютерлерді, лупаларды және т.б. орнату.
2024 жылғы 13 қыркүйекте Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету бойынша ҚР ОСК жанындағы жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өткізілді. Жұмыс тобының отырысында мүгедектігі бар адамдардың барлық үш санатына қатысты мәселелер қаралды: көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар адамдар. Сондай-ақ объектілердің «Қолжетімділік картасын» толтыру жөніндегі жұмыстың аспектілері, дауыс беру кезінде мүгедектігі бар адамдарды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жақсарту үшін жұмыс тобы мүшелерінің ұсынымдары қаралды.
Референдумды әзірлеу аясында 18-19 қыркүйекте екікүндік онлайн оқыту тренингі өтеді. Тренингке референдум комиссияларының өкілдері және әлеуметтік мәселелерге жетекшілік ететін әкімдіктердің қызметкерлері қатысады. Оқыту тренингінің бағдарламасын мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтары мен қажеттіліктері саласындағы мамандар әзірледі және құрастырды. Тренинг біздің тұрақты серіктесіміз – ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп өткізіледі.
Күн тәртібінің екінші мәселесін қарауға кірісе отырып, Нұрлан Әбдіров отырысқа қатысушыларға ағымдағы науқан шеңберінде 9 қыркүйектен 3 қазанға дейін Орталық референдум комиссиясының Төрағасы мен мүшелері барлық 20 өңірге инспекциялық сапарлармен, сондай-ақ аумақтық референдум органдарына әдістемелік және практикалық көмек көрсету мақсатында баруды бастағанын жеткізді.
Мәселен, бүгінгі таңда 7 өңірге барып, аумақтық референдум комиссиялары мен Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының барлық уәкілетті органдары референдум өткізуге дайындық бойынша инспекциялық бақылау жүргізді. Сапар барысында АРК мүшелерін оқыту және ұйымдастыру сапасына баға берілді, сондай-ақ дауыс беру кезінде практикалық жағдайларға баса назар аударылды.
Аумақтық референдум комиссияларына, жергілікті атқарушы органдарға әдістемелік көмек көрсетіліп, нақты практикалық ұсынымдар берілді. Комиссия мүшелерін оқытуға келетін болсақ, оқу жоспарлары мен кестелеріне сәйкес аумақтық референдум комиссияларының барлық 1722 мүшелерін оқыту аяқталды. 2-15 қыркүйек аралығында учаскелік референдум комиссияларының төрағалары, төрағаның орынбасарлары, хатшылары оқудан өтті. Бүгінгі таңда учаскелік референдум комиссияларының басшылық құрамының барлық 30 981 адамы оқытылды. 16 қыркүйектен 5 қазанға дейін учаскелік референдум комиссияларының мүшелерін, бұл 37 346 адамды оқыту жоспарлануда. Инспекциялық сапарлар мен жергілікті бақылау іс-шаралары жалғасады. ОРК мүшелері сапарларын жалғастырады және қалған өңірлерге барады, онда оқытудың ұйымдастырылуын және учаскелердің дауыс беру күніне дайындығын тексереді.
Референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімін қалыптастыру, референдум учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайларды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктері аппараттарының басшылары баяндады.
Жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне сөйлеген сөзінде Орталық референдум комиссиясының басшысы учаскелердің дауыс беру күніне дайындығы мәселелерін бақылауда ұстау, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін барлық жағдайларды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Отырыстың үшінші мәселесі бойынша ОРК мүшесі Сәбила Мұстафина сөз сөйлеп, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 21-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына және 27-бабының 4-тармағына сәйкес Орталық референдум комиссиясы өз өкілеттіктеріне сәйкес дауыс беруге арналған бюллетеннің нысаны мен мәтінін және оны дайындау тәртібін белгілейтінін хабарлады.
Мемлекеттік және орыс тілдерінде дауыс беруге арналған бюллетень нысаны мен мәтінінің жобасы дайындалды.
Шығарылған сұрақтың тұжырымы: «Согласны ли Вы со строительством атомной электростанции в Казахстане?» / «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?»
Және дауыс берушінің жауап нұсқалары:
ИӘ, келісемін / ДА, согласен (-на)
ЖОҚ, келіспеймін / НЕТ, не согласен (-на)
Дауыс беруші дауыс беретін жауап нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгі қояды.
Облыстар, Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің ұсынылған мәліметтері мен есептеріне сәйкес республика бойынша тізімге 12 244 683 азамат енгізілген.
«Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның нормасында дауыс беруге арналған бюллетеньдер учаскелік референдум комиссияларына дауыс беруге дейін кемінде үш күн бұрын және бір күннен кешіктірілмей жеткізілетіні де белгіленген.
ОРК Төрағасы көру қабілеті бұзылған адамдарды дауыс беру мүмкіндігі қамтамасыз ету қажеттігін ерекше атап өтті. Ол үшін трафарет (Брайль шрифтісіз) және бюллетеннің аудионұсқасы дайындалады және әр учаскіге жеткізіледі. Сонымен қатар, Брайль шрифтімен жасалған трафареттер осындай қаріпті білетін азаматтар дауыс беретін жерлерде қол жетімді болады. Тиісті мәліметтерді әрбір өңір бойынша жергілікті атқарушы органдардың деректері негізінде аумақтық референдум комиссиялары қалыптастырды.
Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша ОРК Төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады. Ол 20 қыркүйектен бастап әрбір азамат референдум учаскесіне жүгінуге және дауыс берушілер тізіміне өзінің енгізілуін және көрсетілген деректердің дұрыстығын тексеруге құқылы екенін хабарлады. Сол күннен бастап 5 қазан сағат 18.00-ге дейін тұрғылықты өңірден тыс жерге шығуды жоспарлаған азаматтардың тізімге енгізілген жері бойынша учаскелік референдум комиссиясында есептен шығару куәлігін алуға мүмкіндігі бар, ол басқа елді мекендердегі кез келген учаскеде дауыс беру құқығын береді.
Дауыс беру құқығына есептен шығару куәлігі жазбаша өтініш бойынша және өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты ұсынғаннан кейін беріледі. Ол сенімхат бойынша алынуы мүмкін, бұл ретте нотариаттық растау талап етілмейді. Есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегінде басқа учаскеде дауыс беруге қатысқысы келетін азаматтарға берілмейді. Жоғалған есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді, дубликаттары берілмейді.
Науқас туысы ауырған немесе оны күткен жағдайда, үйде дауыс беру туралы өтінішпен учаскелік комиссияға жүгінуге болады.
Қандай да бір себептермен тізімдерде өздерін таба алмаған, бірақ референдум учаскесінің шекарасында тұратын азаматтар үшін дауыс беру күні тіркеу мекенжайын өзі тексеретін учаскелік комиссияға жүгінуге мүмкіндік болады. Тұрғылықты жері расталған жағдайда азамат тізімге енгізіледі.
Тіркеуі жоқ және осы себепті ешбір учаскеде тізімге енбеген азаматтардың дауыс беру күні референдум учаскесінде тіркелуге және онда дауыс беруге мүмкіндігі болады. ОРК осы алгоритмдерін іске асыру үшін ЦДИАӨМ және ІІМ-мен бірлесіп азаматтарды тіркеу орны бойынша мәліметтерді тексеру (4 622 учаскеде жұмыс істейтін болады) және референдум учаскелерінің мекенжайлары бойынша азаматтарды тіркеу (196 учаскеде жұмыс істейтін болады) екі тиісті онлайн-сервистер әзірленді.
Дауыс беру референдумның 10 327 учаскесінде өтеді. Оның ішінде 2024 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша азаматтарды тіркеу орны бойынша 9 709 учаскеде, сондай-ақ 63 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанындағы 78 учаскені қоса алғанда, азаматтардың уақытша болатын 618 учаскеде өтеді.
Сондай-ақ Константин Петров дауыс беруге арналған бюллетеньдер жеке басын куәландыратын құжатты ұсынғаннан кейін референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері негізінде азаматтарға берілуге тиіс екенін түсіндірді. Бұл ретте Е-gov порталынан немесе банктік қосымшалардың бірінен электрондық құжат ұсынылуы мүмкін. Азаматтар бюллетень алу тізіміне қол қояды. Бюллетеньді жасырын дауыс беруге арналған кабинада дауыс берушілер толтырады. Оларды толтыру кезінде дауыс берушіден басқа біреудің қатысуына тыйым салынады. Ерекшелік ретінде бюллетеньді өз бетінше толтыра алмайтын азаматтар ғана өздері сенетін адамның көмегін пайдалануға құқылы.
Спикер отырысқа қатысушыларға референдум өткізу кезінде аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдар, сондай-ақ шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың аккредиттелген байқаушылары, шетелдік БАҚ өкілдері қатыса алатынын еске салды.
Дауыс беру күні дауыс беру үшін учаске ашылған сәттен бастап және дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін референдум учаскесінде дауыстарды санау кезінде бір мезгілде қатысуға құқылы:
- әрбір аккредиттелген ҚР қоғамдық бірлестіктен, коммерциялық емес ұйымынан бір байқаушы;
- аудармашымен бірге жүруге құқылы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары;
- қызметтік куәлігі және редакцияның тапсырмасы болған кезде әр БАҚ-тан бір өкіл, әр телеарнадан үш өкілден артық емес.
Референдум комиссияларының жұмысына араласуға жол берілмейді.
Бесінші мәселе бойынша ОРК хатшысы Мұхтар Ерман сөз сөйледі, ол ағымдағы жылдың 3 қыркүйегінде халықаралық байқау институты ашылғаннан бері Сыртқы істер министрлігінен аккредиттеуге 1 халықаралық ұйым мен 5 шет мемлекеттен байқаушылардың кандидатуралары ұсынылғанын хабарлады.
Аккредиттеуге Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушыларының Миссиясынан 5 байқаушы, АҚШ-нан 1 кандидатура, Түркия, Әзірбайжан және Молдова 2 кандидатурадан, Армения 1 кандидатура ұсынылды.
Аккредиттеу үшін ұсыныстар түскен сайын байқаушылар бойынша деректер жаңартылатын болады.
Отырыс қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін дәстүрлі брифинг өткізілді, онда Орталық референдум комиссиясының мүшелері журналистердің барлық сұрақтарына жауап берді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -