ҚР Қаржы министрлігі: «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заң ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған
2025 жылдың қаңтарынан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңы күшіне енетін болады. Осы жылдың ішінде Қаржы министрлігі іскер топтардың, корпорациялардың, мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен кездесулер өткізіп, жаңа заңдағы негізгі өзгерістер мен артықшылықтарды кеңінен түсіндірді.
Бұл жолы Петропавлда өткен кездесуде Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарының іскер азаматтарына және мемлекеттік органдардың өкілдеріне мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімдері, сондай-ақ олардың рәсімдерінің қысқартылғаны жөнінде ҚР ҚМ Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторының сатып алу әдіснамасы департаментінің директоры Ерлан Сеитов пен СҚО әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев айтып берді.
Солтүстік Қазақстан – ауыл шаруашылығы саласы дамыған өңірлердің бірі. Айталық, мұнда ЖӨӨ құрылымында оның үлесі – 27,9%. Өңдеу өнеркәсібі бойынша СҚО-да тамақ өнімдерін өндіру (58,9%), машина жасау (23,9%) және металсыз минералды өнімдерді дайындау (4,3%) жолға қойылған.
Ал Қостанай облысында тау-кен өндіру, металлургия, машина жасау мен тамақ өнеркәсібі кеңінен дамыған. Мәселен, бұл өңірге республикада шығарылатын темір кені өнімінің 90% астамы, темір кені шекемтастары мен асбесттің 100% тиесілі. Жергілікті өнімдер әлемнің түрлі елдеріне экспортқа шығарылып келеді.
Әлбетте ірі кәсіпорындар қашанда мемлекеттік сатып алу мерзімдерінің қысқарғанына мүдделі. Жаңа заңда кейбір жағдайларда конкурстарды өткізу мерзімін екі айдан бес күнге дейін қысқартуға мүмкіндік беретін нормалар қарастырылған. Бұдан басқа тиісті өзгерістер тауарларды бір көзден 100 АЕК-ке дейін, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді 500 АЕК-ке дейін сатып алуға жол ашады. Сонымен қатар ауылды жерлердегі әкімдіктерге бір көзден 4000 АЕК дейін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Қазірдің өзінде рейтингті-балдық жүйені пайдалану арқылы конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізілген. Бұл әдіс конкурстық комиссияның жеңімпазды анықтау процесіне қатысуға жол бермейді. Осы арқылы сыбайлас жемқорлықтың сын-қатері азаяды. Жеңімпазды мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде портал автоматты түрде анықтайтынын ескерсек, оның сатып алу қорытындыларына азаматтар шағымдана алмайды. Бұл сатып алу уақытын едәуір қысқартып, заңсыз рұқсат беруді, сондай-ақ нәтижелерді қайта қарауды болдырмайды.
Сатыпалым қатысушыларының біліктілігін арттыру үшін беделді өндірушілер арасында ғана сатып алу процесін жүзеге асыру ұсынылып отыр. Қызмет ұсынушы туралы ақпарат түрлі дерекқорларды пайдалану арқылы қалыптастырылатын болады. Бұл сатып алудың барлық түрі бойынша баға мен сапа өлшемдерін біріктіре отырып, өндірушілерді автоматты түрде таңдауға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысының құрылыс нарығын монополиядан арылту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде жаңа заңда экономика салаларындағы монополияны азайту жөніндегі шаралар қамтылған. Атап айтқанда, шартты жеңілдіктерді есептеу кезінде аумақтық белгі түріндегі баға критерийлерін қолдану жалғасып келеді. Бұл мемлекеттік сатып алу көлемін біркелкі және әділ бөлуге және жекелеген ірі компаниялардың монополиясын болдырмауда септігі мол», деп қорытындылады Е.Сеитов.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң мемлекет есебінен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, әлеуетті өнім берушілердің жауапкершілігін күшейтуге және отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуге арналған.
Бизнес өкілдерімен болған кездесуден кейін Қаржы министрлігінің өкілі өңірдегі екі ірі кәсіпорынға аялдады: «Радуга» ЖШС (қайталама шикізатты қайта өңдеу бойынша көшбасшы кәсіпорындардың бірі) мен «Зеленый Север» ЖШС (СҚО-да төртінші буындағы жалғыз өндірістік жылыжай).
Raduga KDR
– Қазақстаннан бөлек, басқа елдерде де танымал ірі сауда-өндірістік компания. Оның өндірістік пакетінде әртүрлі профильдегі тауарлардың 600-ден астам ассортименті бар: тамақ өнімдерінен бастап тұрмыстық тауарларға дейін. «Радуга» ЖШС-де қайталама полимерлер мен макулатураларды қайта өңдеу бойынша толық цикл жолға қойылған.
Қағаз бен картон макулатурасы – халықтан, өндіріс орындарынан және сауда үйлерінен, кәсіпорындар мен оқу орындарынан жиналып, сатып алынатын қалдықтар. Сондай-ақ фабрикада кеңсе қағазы шығарылып, өндіріс пен қайта өңдеу қуатын кеңейтіп, ұлғайту жоспарланып отыр.
«Зеленый Север» ЖШС
өңірде төртінші буындағы жалғыз жылыжай саналады. Жылыжай кешенінің ауданы – 3,7 гектар. Кәсіпорын облысты 2,7 мың тонна көкөніспен қамтуға қауқарлы. Бұл өңірдегі сұраныстың 30% тең.
Қазір мұнда күніне 4,5 тонна қияр дайындалады, екінші өндіріс ашылғаннан кейін оның көлемін күніне 12 тоннаға дейін арттыру көзделген.
Жылыжайда өсімдіктердің қалыпты өсуі үшін қажетті микроклимат жасалды, ол автоматты режімде сақталады. Бұл климатты басқару жүйесі, тамшылатып суару, қосымша жарықтандыру және көптізбекті жылыту қамтиды.
Өнімдер жергілікті сауда орындарында нарық бағасынан әлдеқайда арзан сатылады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -