ІРІ ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУШЫ КОМПАНИЯСЫ «ҚАЗТРАНСГАЗ АЙМАҚ» АҚ ЖӘНЕ «GAS QURYLYS» ЖШС ҚҰРЫЛЫС-МОНТАЖДАУ ЖҰМЫСТАРЫ НАРЫҒЫНДА БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ШЕКТЕГЕН
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, «GAS QURYLYS» ЖШС және «Газ Строй Холдинг» ЖШС қатысты тергеуді аяқтады. Нәтижесінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, «GAS QURYLYS» ЖШС іс-әрекеттерінде тұтынушыларды газбен жабдықтау жүйесіне қосу және монтаждау жөніндегі қызметтерді сатып алуға келісім жасасу кезінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау салалары заңнамасын бұзу фактілері анықталды.
«Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес тұтынушыларды табиғи газға қосу кезінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізушіні таңдау тұтынушының заңнамалық құқығына жатады.
Ал, жеке және заңды тұлғалардың газ тарату жүйесіне қосылатын газ желілері мен жабдықтары олардың меншігіне жатады.
Алайда, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, «GAS QURYLYS» ЖШС құрылыс-монтаждау жұмыстарын сатып алу бойынша бәсекелестікке қарсы шарттар жасасып, тұтынушылардың монтаждау ұйымын таңдау құқығынан айырып қана қоймай, «GAS QURYLYS» ЖШС атынан бірыңғай қызмет көрсетушіні анықтау арқылы еркін бәсекелестікті шектеген.
Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот өз шешімімен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ және «GAS QURYLYS» ЖШС тарапынан Департамент атына түсірілген әкімшілік талаптарын қанағаттандырудан бас тартты.
Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен «GAS QURYLYS» ЖШС талап-арызы бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалды.
Бүгінгі таңда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Астана қаласының сотына апелляциялық шағым түсірді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -