СӘТБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ: 90 ЖЫЛДЫҚ ЖЕТІСТІКТЕР МЕН ҒЫЛЫМИ ЖАҢАЛЫҚТАР
Алматы қаласында Қазақстанның ғалымдары, саясаткерлері мен жүйелік маңызы бар кәсіпорындарының басшылары жаппай роботтандыру мен цифрлық технологияларды енгізудің қиындықтары мен мүмкіндіктерін талқылады. «Төртінші өнеркәсіптік революцияның Еуразия ғылыми-инженерлік қауымдастығы алдындағы сын-қатерлері» атты халықаралық форум 22 елдің ғалымдарын жинады.
Форум академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына және еліміздегі тұңғыш техникалық зерттеу университеті – Сәтбаев университетінің 90 жылдығына арналды. Салтанатты жиынды Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев ашып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сәтбаев университетінің қызметкерлері мен ардагерлеріне арналған құттықтау хатын оқыды:
– Еліміз дамыған мемлекет болуы үшін жастар ғылым мен заманауи технологияларды терең меңгеруі керек. Осы орайда сіздерге өте жоғары жауапкершілік жүктеледі. Бұл міндетті сіздер абыроймен атқарасыздар деп сенемін, сондай-ақ жас ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеумен айналысып жүрген университет ұжымына шын жүректен алғысымды білдіремін! - делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды өздерінің алдына биік мақсаттар қойып, жаңашылдыққа ұмтылуға, әрі тиімділікті арттыруға шақырып, осыған орай Сәтбаев университетінің базасында инженерлік білім мен ғылымдағы жаңа технологиялардың ғылыми-зерттеу хабын құруды тапсырған болатын, ол орталық еліміздегі жаңа техникалық жоғары оқу орындары үшін ғылыми-өндірістік базаға айналуы тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында университетте ғылыми-өндірістік база құрылуда, ол Қазақстанның барлық техникалық университеттері үшін қолжетімді болады.
Сәтбаев университетіндегі жаңа ғылыми зертханалар мен инновациялық өндіріс орындарының ашылуына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, ғылым мен өндіріс ынтымақтастығының әлемдік тәжірибесін кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті.
Форум барысында инженерлік кадрларды мақсатты түрде оқыту және еліміздің өнеркәсіптік кәсіпорындарының технологиялық мәселелерін бірлесіп шешу бойынша бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Массачусетс технологиялық институтының (MIT) стандарттарына сәйкес заманауи құралдармен жабдықталған жаңа MIT FabLab зертханасы ашылды. Сәтбаев университеті дәстүрлі өндірістегі инновацияларды дамыту мен оларды енгізуге бағытталған екі ірі жобаны жүзеге асыруда: тау-кен металлургия кешеніндегі инженерлік орталығы және STROYTECH технопаркі. Олар қазірдің өзінде Қазақстан кәсіпорындарына қызмет көрсету және тауарларды жеткізу бойынша офтейк-келісімшарттарын жасасты.
Университет ректоры Мейрам Бегентаев инженерлер мен ғалымдардың жаңа буынын даярлау үшін жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін белсенді түрде пайдалануға шақырды.
«Біздің бәріміздің алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Біз білім экономикасына негізделген Қазақстан құрудамыз. Жаңа технологиялар жасауға қабілетті инженерлерді даярлаймыз, біз әрқашан алда болу үшін жұмыс жасаймыз. Соның нәтижесінде түлектердің көпшілігі техникалық жоғары оқу орындарын, оның ішінде біздің университетті таңдайды», - деді Мейрам Бегентаев.Форум жұмысына 200-ден астам ұйымдар мен кәсіпорындардың, қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының, елшіліктер мен консулдықтардың, соның ішінде «Қазақмыс», «ҚазМұнайГаз», «ҚазақГаз», Baker Hughes ZMS, Chevron, Zeta, Eurasion Resources Group, Halyk Bank, MIT, Sung Kyun Kwan University, City University of Hong Kong, University of Glasgow, University of Applied Sciences Osnabrück, Nanjing University өкілдері және басқалар қатысты.
Форум нәтижесі бойынша қабылданған қарарда атап өтілгендей, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту жағдайында инженерлік білім беруді трансформациялау инженерлер мен ғылыми зерттеушілердің біліктілігіне жаңа талаптар қояды. Жаңа технологиялармен жұмыс істей алатын мамандарды даярлау үшін білім беру бағдарламаларын жаңарту, инженерлерді теориялық және практикалық тұрғыда даярлаудың барлық деңгейлерінде икемді және бейімдеуге ыңғайлы оқу форматтарын құру қажет.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -