Сапалы аудит – даму жолындағы сенімді іргетас: ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 2024 жылғы жұмысының қорытындылары
Кез келген аудит тексерілетін ұйым үшін әрқашан маңызды оқиға болып саналады. Мемлекеттік аудит материалдары экономиканың негізгі секторларына қатысты болғандықтан үнемі БАҚ назарында.
Биыл Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, құрылыс, көлік және ауыл шаруашылығы салаларында жұртшылықтың қызығушылығын тудырған бірқатар маңызды аудиторлық іс-шара өткізді. Алғаш рет жергілікті бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне, атап айтқанда Абай, Ұлытау, Жетісу және Алматы облыстарында аудит жүргізілді.
Бұл аудиторлық іс-шаралар басқарудағы жүйелік кемшіліктерді көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар бюджет қаражаты мен активтерді пайдаланудағы нақты мәселелерді анықтап берді.
Жоғары аудиторлық палатаның жұмысында да елеулі өзгерістер орын алды: кейбір рәсімдік стандарттар өзгертілді, мемлекеттік аудиторларды сертификаттау ережелері жаңартылды, Жоғары аудиторлық палатаның қызметі кеңірек жариялана бастады, ҚР Қаржы министрлігінің негізгі жүйелерімен интеграция күшейтілді және т.б. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік аудит жүйесін реформалау қолға алынды.
Бұл шолу материалында өткен жылдың қорытындылары шығарылып, 2025 аудит саласында жалғасатын іс-шаралар туралы айтылады.
Триллиондар, миллиардтар, миллиондар
2024 жылы Жоғары аудиторлық палата 25 аудиторлық іс-шара өткізді. Олар 207 нысанды және 10,6 трлн теңгеден астам қаражатты қамтыды. Бұған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы, «Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі», Қазақстанның Даму Банкіндегі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясындағы және басқа да тексерулер кірді.
Құжаттар мен есептілікті мұқият талдап, нақты кейстерді тексеруден кейін мемлекеттік аудиторлар 862 млрд теңгеге жуық бұзушылықтарды анықтады. Оның ішінде: қаржылық бұзушылықтар – 154 млрд теңге, мемлекет қаражаты мен активтерін тиімсіз пайдалану – 475 млрд теңге, тиімсіз жоспарлау – шамамен 233 млрд теңге.
Жалпы аудиторлық іс-шаралардың нәтижесі бойынша мемлекет бюджетіне 135 млрд теңгеден астам қаражат өтелді. Бұл жалпы қалпына келтіруге жататын қаражаттың 87,8% құрайды.
ҚР Үкіметі мен мемлекеттік органдарға 120 ұсыныс пен 676 тапсырма берілді. Бүгінгі күнге 151 тармақ орындалды, қалған тармақтардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады және үнемі Мемлекет басшысына ақпарат беріледі.
Аудит материалдары бойынша өткен жылы (26 желтоқсандағы жағдай бойынша) 82 жеке және 60 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Негізінен мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік есеп, сәулет және құрылыс саласындағы бұзушылықтар бойынша. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғаларына 51 әкімшілік хаттама толтырылды. 16 материал құқық қорғау органдарына жіберілді. Бұл материалдар уәкілетті органдарда егжей-тегжейлі қаралатын болады.
190 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Нақты тәжірибеден алынған жағдайлар
Жүргізілген аудиттер бюджет қаражаты мен активтерін басқаруда жүйелік кемшіліктер мен бұзушылықтардың бар екендігін көрсетті.
Мысалы, қазақстандықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тиімділігіне жүргізілген аудит барысында «СК-Фармация» ЖШС жүйесінде сатып алуды сапасыз жоспарлау кейбір препараттардың артық тұрып қалуына әкеп соққаны анықталды. Нәтижесінде препараттардың бір бөлігі жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты есептен шығарылған. Бұл 279 млн теңгеден астам соманы құрады.
Сонымен қатар аудит барысында ӘМСҚ есебінен және азаматтардың өз есебінен медициналық қызметтерге қосарланған ақы төлеу фактілері анықталды, ал негізінен мұндай жағдайларға қатаң тыйым салынған. Сонымен стационарлық көмек бойынша кем дегенде 1,7 млрд теңгеге, амбулаториялық көмек бойынша 27,6 млрд теңгеге қосарланған төлем фактілері тіркелді.
Құрылыстағы баға белгілеу жүйесінің тиімділігіне аудит жүргізу барысында да Жоғары аудиторлық палата инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде айқын көрінетін жүйелік проблемаларды анықтады. Мәселен, ШҚО-дағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелін салу жобасы 31,2 млрд теңгеге немесе 104%-ға қымбаттаған. Өскемендегі Гематология орталығының құны 32-ден 72 млрд теңгеге дейін, яғни 125%-ға өскен. Мұндай мысалдар жеткілікті.
Жылу, сумен жабдықтау және кәріз желілері бойынша жұмыс қарқынының баяулығы Жетісу облысында пайдалануға берілген тұрғын үйлерге қоныстандыру мерзімдерінің бұзылуына әкелген. Аудандардың бірінде 60 пәтерлі төрт тұрғын үй және 80 пәтерлі екі тұрғын үй 1,5 жылдан астам уақыт бос тұр. Олардың жалпы құны шамамен 5,8 млрд теңгені құрайды, бұл өңірлер үшін айтарлықтай үлкен қаражат.
Тағы бір жиі кездесетін мәселе – бөлінген бюджет қаражатын игермеу. Қажеттілік басым бағыттарда пайдаланудың орнына қаражат «құр жатып», кейіннен бюджетке қайтарылады. Мәселен, 3 жыл ішінде Назарбаев Зияткерлік мектептері 16,4 млрд теңге көлеміндегі қаржыны игермеген, ал банк шоттарында жыл сайын 27-ден 55 млрд теңгеге дейінгі мөлшерде қаржы қалдықтары жинақталған.
Бақылаудан тыс қалмайды
Аудиторлық іс-шараның негізгі элементтерінің бірі – нұсқамалар. Дәл осы құжат анықталған бұзушылықтарды оларды жою бойынша нақты тапсырмалармен байланыстыра отырып көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл құжатта тапсырмалардың орындалу мерзімі және жауапты ведомстволар көрсетіледі.
Биыл орындалған Жоғары аудиторлық палата нұсқамаларының кейбіріне тоқталсақ:
ТМККК және МӘМС үшін әкелінетін медициналық техниканың бағасын бақылау күшейтілді. Атап айтқанда, енді жеткізушілер техниканың кедендік құнын растайтын құжаттарды ұсынуы керек; әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру механизміне маңызды өзгерістер енгізіліп, жеткізушілерге несие берудің жаңа талаптары мен міндеттемелері қабылданды; шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға МӘМС бойынша дәрі-дәрмек ресімдеу мүмкін болмауы үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесі жетілдірілді.; «ҚазМұнайГаз» активтерінің өткізілуіне бақылау күшейтілді. Бәсекелес ортаға берілетін заңды тұлға қызметінің бейінін, жұмысшылардың жалпы санын, олардың жалақы деңгейін сақтау сияқты және басқа да талаптар көзделеді; ұлттық табиғи парктерде 139 туристік маршрут пен 49 соқпақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұған автотұрақтарды, шатырлы лагерь алаңдарын, дәретханаларды, қоқыс жәшіктерін және белгілерді орнату кіреді; мүгедектікті белгілеу бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесі жеңілдетілді. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігі мен медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелері арасында техникалық интеграция жолға қойылды. Бұл қажетті құжаттар мен зертханалық зерттеулердің нәтижелерін қағаз нұсқаларын сканерлемей-ақ цифрлық форматта беруге мүмкіндік берді; Тарифтерді қалыптастыру қағидаларын өзгерту және тұтынушылар топтары арасындағы тарифтер айырмашылығын кезең кезеңімен қысқарту есебінен табиғи монополиялар субъектілерін жасырын субсидиялау мүмкіндігі алынып тасталды; Жезқазғанда 427 млн теңге көлеміндегі бітпей қалған құрылыс жұмыстары орындалды. Бұл тұрғын үйлерге, жылу желілеріне және басқа да коммуналдық нысандарға қатысты; мемлекеттік меншік объектілерін сату бойынша электрондық сауда-саттыққа қатысушыларға 115 млн астам теңге талап етілмеген кепілдік жарналары қайтарылды.Жүргізілген мемлекеттік аудиттердің қорытындылары бойынша нұсқамалардың орындалуы үнемі қатаң бақылауда. Әрбір тармақтың орындалуын Жоғары аудиторлық палата мүшелері қадағалайды. Сондай-ақ нұсқамалардың орындалу мерзімін ұзарту туралы мәселелер де қажеттілігіне және негізділігіне байланысты мұқият қаралады.
Тиімділік тренді
Республикалық бюджет – көптеген қаржылық процесті біріктіретін күрделі құрылым. Бюджет есебінен қоғам мектептер, ауруханалар, автожолдар және басқа да негізгі жобаларға инвестиция құяды, әлеуметтік төлемдермен, жәрдемақы, зейнетақымен қамтамасыз етеді.
Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік қаражаттың пайдаланылуына сыртқы бақылауды жүзеге асырып қана қоймай, оны неғұрлым тиімді және ашық басқаруға бағыттаушыға айналып отыр. Мемлекеттік аудиторлардың жұмысы аудит объектілерімен қарама-қайшы келу емес, қоғамның игілігі үшін бірлесіп жұмыс істеу болып табылады.
ҚР Жоғары аудиторлық палатасы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған негізгі міндеттерге қол жеткізу үшін Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Барлық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл арқылы Жоғары аудиторлық палата кемшіліктер мен бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, оларды жоюға бағытталған ұсынымдар береді. Бюджеттің әрбір теңгесі Қазақстан халқына қызмет етуі тиіс, сондықтан еліміздің ресурстары барынша тиімді пайдаланылуы үшін мемлекеттік аппарат тұтастай бірлестікте жұмыс істеуі қажет.
Telegram-каналға жазылуАқпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -