Сапасыз жобалау-сметалық құжаттар мен әкімдік тарапынан шара қабылданбауына байланысты Абай облысында 60 бюджеттік инвестициялық жоба іске асырылмаған – Жоғары аудиторлық палата
Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов 2022-2023 жылдары Абай облысында бюджет қаражаты мен активтерінің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелерін қарау жөнінде отырыс өткізді.
Облыста 2023 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 568 млрд теңгеден асып, 2022 жылмен салыстырғанда 37,2%-ға артты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру деңгейі осы кезеңде 46,7 млрд теңгеге немесе 10,6%-ға өсті. Жалпы агроөнеркәсіптік кешенге 78,5 млрд теңге инвестиция салынды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда шамамен екі есеге артық.
Жекелеген салалардағы оң нәтижелерге қарамастан, мемлекеттік аудит бірқатар жүйелік кемшілік пен бұзушылықты анықтады. Мәселен, облыстың жергілікті атқарушы органдары тарапынан пәрменді шаралардың болмауы, ЖСҚ-ның сапасыз әзірленуі және мердігерлермен сот талқылаулары салдарынан 218 бюджеттік инвестициялық жобаның 60-ы пайдалануға берілмеген. Оның ішінде тұрғын үй құрылысы, жылу, электр және сумен жабдықтау жобалары бар.
28 құрылыс объектісінде аяқталмаған жұмыс көлемі үшін және мемлекеттік органдардың ғимараттарын жөндеуде мердігер ұйымдарға 2 млрд теңгеден астам сомаға көптеген негізсіз ақы төлеу фактілері анықталды.
Семей қаласының жолаушылар көлігі бөлімі 2023 жылы қалалық және қала маңындағы қоғамдық көлік бағыттарына тарифтерді дұрыс белгілемегендіктен тасымалдаушыларға 1,3 млрд теңге сомаға субсидия негізсіз төлеу фактісіне жол берген.
Көлік инфрақұрылымын дамытуға бөлінген қаражаттың қомақты көлеміне қарамастан (ағымдағы нысаналы трансферттерді есепке алғанда 36,9 млрд теңге), жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар үлесінің 81,9%-дан 78,7%-ға дейін төмендегені байқалады.
Сондай-ақ «Семей» ӘКК» АҚ қызметінің тиімділігі төмен екені анықталып отыр. Өңірлік тұрақтандыру қоры толық көлемде қалыптастырылмаған. Іс жүзінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бекітілген 19 түрінен 1,2 млрд теңгеге 8 түрі ғана сатып алынған. Оның үстіне олардың кейбіреуіне баға асыра көтерілген (17,2 млн теңгеге). Сонымен бірге тұрақтандыру қорын қалыптастыруға бөлінген 2 млрд теңгенің 646 млн теңгесі мақсатына сай жұмсалмаған, ал 55 млн теңгесі игерілмеген. Бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуде.
Жалпы, аудит қорытындысы бойынша: 9,9 млрд теңге сомаға қаржылық бұзушылықтар; 1,9 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау; 57,3 млрд теңгеге активтерді тиімсіз пайдалану; 687 рәсімдік бұзушылық пен 18 жүйелік кемшілік анықталды.238 факті бойынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін уәкілетті органдарға жіберілді.
Жоғары аудиторлық палата анықталған бұзушылықтарды жою және одан әрі алдын алу үшін Қаржы және Энергетика министрліктеріне, Абай облысының әкіміне, Семей қаласының әкіміне, «Семей» ӘКК» АҚ-ға ұсынымдар мен тапсырмалар берді.
Отырыста облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, әкімнің бірінші орынбасары Шалқар Байбеков және «Семей» ӘКК» АҚ төрағасы Абай Амангелдин аудиторлық қорытынды бойынша түсініктеме берді. Сондай-ақ әкімдік тарапынан Семей қаласындағы «Орталық» және «Ғаббасов» қазандықтарын реконструкциялау және инженерлік желілердің тозу деңгейін азайту шаралары туралы да түсініктеме берілді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -