Семейде аумақтық қорғаныс бригадасына Жауынгерлік туды табыстау рәсімі өтті
Жауынгерлік Туды тапсыру рәсімі Семейдің орталық алаңында өтті. Оған Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, генерал – лейтенант Сұлтан Камалетдинов, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Жеңіс Маралов, Абай гарнизоны әскери бөлімдерінің жеке құрамы және «Жас Ұлан» ерлер лицейінің тәрбиеленушілері қатысты.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың грамотасының мәтінін оқып, 99280 әскери бөлімінің командирі полковник Муслим Күзубаевқа Жауынгерлік туды табыстады. Генерал-лейтенант өз сөзінде жауынгерлік Ту әрбір әскери адам үшін ар-намыс пен батылдықтың символы екендігін еске салды.
Ал, аймақ басшысы бүгінгі рәсімнің мәні – еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтып, ел қорғаны болар жас ұрпаққа, ерлік, өрлік рухын паш ету екенін айтты.
«Бұл – Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен адал қызметтің, шынайы патриотизм мен елдіктің жарқын үлгісі. Жауынгерлік Туды қабыл алу – бейбіт өмір мен тәуелсіздікті қорғау сынды, өнегесі мен өресі биік аманат жүгі. Сіздер Отанымыздың мақтанышы мен қорғанысыздар. Жауынгерлік Тудың тұғырын биік ұстап, әскери антқа адал, сертке берік болыңыздар», -деді облыс әкімі өз сөзінде.
Жауынгерлік туды салтанатты түрде тапсыру рәсімі гарнизонның әскери бөлімдерінің жеке құрамының салтанатты шеруімен аяқталды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -