Шымкентте мырыш оксидін өндіретін зауыттың екінші кезеңі ашылды
Шымкентте «Standard Steel KZ» ЖШС-нің түсті металл концентратын шығаратын қорғасын өндірісінің қалдықтарын өңдейтін зауытының екінші кезеңі іске қосылды. Ашылу салтанатына ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
«Осындай жобаларды іске асыру экологиялық қауіпсіздік қана емес, сонымен қатар ресурстардың жаңа көзін құру, табиғатты сақтау және салауатты болашақты қамтамасыз ету мүмкіндігі.
Бизнес-қоғамдастықты ондаған жылдар бойы жинақталған өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша инновациялық технологияларды енгізе отырып, компанияның осындай бастамасына қолдауға лайықты. Бұл қадам - үлкен істің бастамасы деп білемін.
Жалпы кәсіпорынның қызметі өңірдің ғана емес, бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді» - деп Е.Нысанбаев атап өтті.
Шымкент қаласының басшысы өз сөзінде өндірісті іске қосу қала экономикасының дамуына ықпал етіп қана қоймай, өнеркәсіптік кәсіпорындар қызметінің экологиялық зардаптарын азайтатынын атап өтті.
«Елімізде өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді, кәсіпорындар саны жыл сайын артып отыр. Мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаудың нәтижесінде жұмыс орындары ашылып, азаматтардың әл-ауқаты жақсаруда», - деді Ғ.Сыздықбеков.
Жалпы құны 13 миллиард теңгеден асатын инвестициялық жоба 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Бірінші кезең жүзеге асырылғаннан бүгінгі күнге дейін зауыт жылына 4600 тоннадан астам мыс-күміс концентратын өндірді. Қондырғының іске қосылуы кәсіпорынға өндіріс көлемін ұлғайтуға және қосымша жыл сайын 20 мың тоннадан астам мырыш оксидін шығаруға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -