СТУДЕНТТЕР ҚЫРҒЫЗСТАНДА ҚЫЗАНАҚ ӨСІРУ ӘДІСТЕРІН ЗЕРТТЕУДЕ
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Аграрлық технологиялар» білім беру бағдарламасының студенттері Жансая Жақсылық, Дина Ділдабаева, Асемай Құттыбаева, Елдана Нұралиева және қауымдастырылған профессор, философия докторы Нұралы Нұрғалиев Қырғызстан Республикасының «Манас» Қырғыз-Түрік университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша тәжірибе алмасуда.
Бағдарлама аясында студенттер «Ауыл шаруашылығы» факультетіндегі профессор-оқытушылардың биология-өсімдіктану, жоба дайындау, жылыжай жұмысы бағытында лекциялық және практикалық сабақтарында дәріс алып жүр.
«Қырғызстанға келгелі әртүрлі өсімдіктер мен жемістердің өсу барысын бақылап, олар туралы көп мәліметтер алудамыз. Бұл жақтың жылыжайларында құлпынай, рапс, мақта, алманың жаңа сорттары мен көгалдандыру үшін әртүрлі бақшалық гүлдерін өсіреді. Сонымен қатар қызанақтың төрт түрлі (түріктің «Эгей қызғылт», «Алатурка», «Сұңқар», «Алянак» деген ерекше сорттары) сорттарын өсіруге арналған зерттеу жұмысына қатысудамыз. Қызанақтың бұл түрлерін Қызылордаға барған соң егеміз. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында біздің терең білім алуымызға жағдай жасалған. Теориялық дәрістерден бөлек, практика өтуге арналған жылыжайлар бар», - деді агрономия мамандығының 3-курс студенті Жансая Жақсылық.
«Аграрлық технологиялар» білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры, философия докторы Нұралы Нұрғалиев «Манас» Қырғыз-Түрік университетінің профессоры Ахмет Айгүнмен кездесу барысында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетін таныстырып, білім ордасының 85 жылдығына арналып шығарылған кәдесыйды табыс етті. Нұралы Шайқысұлтанұлы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында «Манас» Қырғыз-Түрік университетінің студенттеріне дәріс беруде.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -