ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ КӨТЕРУ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНАДЫ
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бағдарлама басталғаннан бері сенбіліктер мен тазалық жұмыстарына 300 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1 500-ден астам техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 1 милионға жуық ағаш отырғызылып, 3 389 тонна қоқыс шығарылды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде мәлім болды.
Аймақ басшысы тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырып, бұл бағыттағы жұмыстарды тиісті деңгейде ұйымдастыра алмаған аудан, қала әкімдерін сынға алды. Тұрғындар арасында экологиялық сауаттылықты арттыру, түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Оның мәлімдеуінше, бағдарлама аясында сенбіліктер тұрақты ұйымдастырылып келеді. Арнайы бекітілген кестеге сәйкес аудан, қала аумағында сенбіліктер өткен. Жергілікті әкімдіктер, коммуналдық мекемелер мен өңір тұрғындары бірлесе отырып, өңірдің тазалығы мен экологиялық жағдайын жақсаруына үлкен үлес қосты.
Бүгінгі таңда осы бағдарламаның өңірдегі «телеграмм бот» платформасына 820 өтінім түскен. Оның ішінде, 800 өтінім орындалған. 13 өтінім орындалу барысында болса, 7 өтінім тестілеу режимінен өткен.
Биыл қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, заң талаптарын бұзған тұлғаларға 26 мыңға жуық хаттама толтырылып, жалпы 305,7 млн теңге айыппұл салынды. Алдағы уақытта да экологиялық заңнамаларды сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін нығайту мақсатында жүйелі шаралар жалғасын табады.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында сәуір айынан бастап жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижелерінде 2 880 қоқыс үйіндісі анықталып, толық ретке келтірілді. Дегенмен кейбір қоқыс жиналатын «ыстық нүктелерде» әлі де қоқыстар тасталуда. Бақылауға алынды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында іс-шаралардың ұйымдастыру деңгейі жөнінде аудан, қала әкімдерінің рейтингі жаңартылды. Атап айтқанда, Түркістан қаласы және Бәйдібек, Жетісай, Мақтаарал, аудандарының көрсеткіштері жоғары болса, Шардара, Отырар аудандары және Арыс, Кентау қалалары орта деңгейдегі көрсеткіштерге қол жеткізді. Ал, Сайрам, Төлеби, Түлкібас, Созақ, Сарыағаш, Сауран, Қазығұрт, Келес, Ордабасы аудандарының көрсеткіштері төмен деңгейде.
Қоршаған ортаны қорғау және абаттандыру бойынша тиімді шаралар қолға алынып, өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жалғасады.
Сондай-ақ мәжілісте 2024-2025 жылдарға қысқы күтіп ұстау жұмыстарына дайындық пысықталды. Қазіргі уақытта 6 400-ге жуық шақырым жолға 259 арнайы техника, 655 жұмысшы және 9 мың текше метрден астам құм мен 5 800 тонна тұз дайын. Қыс мезгілінде республикалық және облыстық маңызы бар жолдар мен аяқжолдарды қардан тазарту жұмыстарының орындалу барысы қатаң бақылауда болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -