ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА 10 МЫҢ ХАЛЫҚ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ
Түркістан облысында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде атқарылып келеді. Жұмыстардың нәтижесінде бүгінде Жетісай ауданындағы 105 елді мекеннің 66-сы көгілдір отынға қосылып, табиғи газ тұтынатын елді мекендердің үлесі 62,85 пайызға жетіп отыр.
Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына жұмыс сапарында Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Әбдіхалық елді мекенін газбен қамтитын құбырды пайдалануға беру рәсіміне қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісті. Бір ерекшелігі, осы газ магистралы арқылы 5 елді мекеннің 10 мың тұрғыны газбен қамтылады.
– Бүгін қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Ел Президенті инфрақұрылымды жақсартып, ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Өңірде осы бағытта қарқынды жұмыс жүруде. Шалғайдағы елді мекендер де назарымызда тұр, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Бұған дейін көмір жағып, күл шығарып келген Әбдіхалық елді мекенінің тұрғындары енді «көгілдір отынды» пайдаланады. Жалпы құны 258,7 млн. теңгені құрайтын газ құбырының ұзындығы – 10,4 шақырым. Нысанның құрылысы 2022 жылы басталған. Мердігер мекеме – «Exclusive Story Corporation» ЖШС.
Жетісайда газдандыру жұмысы қарқынды. Өткен жылдың қорытындысымен 20 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, 7 елді мекен табиғи газға қосылды. Сонымен қатар құрылысы 2024 жылы аяқталған 6 елді мекенді биылғы жылдың қараша айында жеткізуші газ құбыры пайдалануға қабылданғаннан кейін табиғи газға қосу жүзеге асады. Биыл жыл соңына дейін елді мекендердің табиғи газбен қамтылуы 85,7 %-ға жетеді. Соңғы үш жылда салыстырғанда елді мекендердің табиғи газбен қамтылуы 32,4 пайызға артады.
Жалпы, 2027 жылы тұрғындардың газбен қамтылуын 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Түркістан облысы елді мекендерді газдандыруда республикада көш бастап тұр. Өткен жылы 53 елді мекен газдандырылды. Нәтижесінде газбен қамтылған елді мекендер саны 563-ке жеткізілді. Биыл 45 елді мекен яғни 84 мың халық газдандырылады. Соның нәтижесінде, газбен қамтылатын елді мекендер саны 608-ге жеткізіледі деп күтілуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -