ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА 10 ЕЛДІ МЕКЕНДІ ГАЗБЕН ҚАМТИТЫН ГАЗ ҚҰБЫРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданындағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында тұрғындар мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарды газдандыру, сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінде аудандағы 105 елді мекеннің 60-ы табиғи газбен қамтылып, «көгілдір отын» пайдаланушылардың пайыздық үлесі 57,1 пайызды құрап отыр.
Жыл басынан бері аудандағы 29 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттерден жалпы 3,4 млрд теңге қаржы қаралған.
Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына жұмыс сапарында Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Қарасақал елді мекенінің тұрғындарын газбен қамтитын құбырды пайдалануға беру рәсіміне қатысты. Тұрғындарды құттықтады.
Бұған дейін көмір жағып, күл шығарып келген Қарасақал елді мекенінің тұрғындары енді «көгілдір отынды» пайдаланады. Жалпы сметалық құны 647,4 млн теңгені құрайтын газ құбырының ұзындығы 23,659 шақырым. Тұтынушы абонент саны – 95, тұрғындар саны 500-ден асады.
Айта кетейік, аталған магистралды газ құбыры бойында орналасқан 10 елді мекеннің де құрылысы аяқталып, 1216 абонент табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие болды. Алдағы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Ж.Ералиев ауылдық округінің Абай, Абай ауылдық округінің Халықтар достығы, Жаңа ауыл ауылдық округінің Атақоныс, Әбдіхалық, Мырзашөл елді мекендеріне газ берілмек. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, атқарушы техникалық құжаттамалары рәсімделуде.
Сала мамандары ауданда жыл соңына газдандыру деңгейінің 70,4 пайызға жететінін, ал, 2027 жылы бұл көрсеткіштің 100 пайыз болатынын айтады.
Айта кетейік, облыс бойынша соңғы екі жылда 187 мың тұрғын немесе 90-нан астам елді мекен табиғи газға қосылды. Нәтижесінде, газбен қамтылған халықтың жалпы саны 1 млн 820 мыңға немесе 84,9%-ға жетеді (557 елді мекен).
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -