ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА МИЯ ӨСІМДІГІН ӨҢДЕЙТІН ЕРЕКШЕ КӘСІПОРЫН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудан-қалаларға инвестиция тарту арқылы әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту, өндірістік кәсіпорындардың санын арттыру, тұрғындар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданында іске қосылған жобалардың бірі – мия тамырын қайта өңдеу кәсіпорны. Жетісайда өсірілген мия тамырларынан косметика мен дәрі-дәрмек шығару жоспарланған. Алдағы уақытта өндірісті осында ашу көзделген.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған кәсіпорынға арнайы барып, жұмысымен танысты. Іскер азаматтарға, белсенді кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін жеткізді. Аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына осы бағытта жұмысты жалғастыруды тапсырды.
«Kasym ASES» ЖШС жеке қаржысы есебінен 600 млн теңгеге іске қосылған кәсіпорынның қуаттылығы жылына 10 мың тоннаны құрайды. Биыл жүзеге асырылған І кезеңде 56 адамды, келесі жылы жүзеге асатын ІІ кезеңде тағы 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Кәсіпорын алдын ала болжам бойынша мия тамырының келісін 120 теңгеден төмен қабылдамайды.
Мия тамыры косметология саласы мен аспаздықта коктейль жасауға арналған көбіктендіргіш заттар мен квас, сыра, алкогольсіз сусындар, халуа, шоколад, карамель, диеталық кисель дайындауда табиғи тәттілендіргіш ретінде қолданылады. Ал медицинада пневмония кезінде құрғақ жөтелді емдеуге, бронх қабынуынан туындаған жөтелде, жамбас, тонзиллит, туберкулез, көмейдің қабынуы кезінде дауысты қалыпқа келтіруге, сондай-ақ, қуықалды без аденомасы, бүйрек және зәр шығару жолдарының аурулары, асқазан-ішек жолдарының аурулары, омыртқа мен буын аурулары, артрит, ревматизм, омыртқа және басқа да дерттерді емдеуге қауқарлы, ерекше күшті өсімдік.
Айта кетейік, соңғы 5 жылда ауданға 90,2 млрд теңге инвестиция тартылса, 2024-2030 жылдар аралығында 419,6 млрд теңге инвсетиция тарту жоспарлануда. Нәтижесінде, 2,17 млрд теңге салықтық түсімдердің түсуі күтілуде. 2030 жылға дейін негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемі 3,8 есе өседі деп күтіліп отыр.
Биылдың өзінде аудан аумағында құны 8,2 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 959 жаңа жұмыс орны құрылады.
Түркістан облысында Мемлекет басшысының инвестиция тарту бағытындағы тапсырмасына байланысты қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Облысқа жыл басынан 888,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты. Ал жыл басынан бері тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 1,5 есеге артығымен орындалды.
Сапар барысында өңір басшысы жергілікті шаруалармен кездесті. Жаңа тәсілмен мақта еккен диқандар өнімнің сапалы әрі артық жиналғанын айтып, жақсы жаңалықтарымен бөлісті.
Биыл өңірде 106 мың гектарға мақта егілді. Енді заманауи суды үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынды. Мақта егудің жаңа тәсілі ақ алтынның өнімділігін 3 есе артып, көрсеткіш гектарына 70 центнерге жетуі тиіс.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -