Талдықорған қаласының жолдарына биыл 7,7 млрд. теңге бөлінді
Биылғы жылы Талдықорған қаласы жолдарының құрылысына, күрделі жөндеуге және күтіп ұстауға 7,7 млрд. теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін Талдықорған қаласының тұрғындарымен кездесуі барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысы өз сөзінде жолға қатысты ірі жобаларға тоқталды. Мәселен, солтүстік-батыс тұрғын ауданында, 8, 9 және «Жастар-1» шағын аудандарында 107 көшеге жол салу жоспарланып, өткен жылдары 10 көше жасалса, биыл 30 көшеге жаңадан асфальт төселген, қалған 67 көше 2025 - 2026 жылдары толық аяқталады.
- Сондай-ақ «Шығыс», Оңтүстік-Шығыс, «Көктал» шағын аудандары және 3-бөлімше тұрғын аудандарындағы 89 көшеге күрделі жөндеу жүргізілуде, оның 14 көшесі биыл жасалды. Жұмыстар 2026 жылдың соңында толығымен аяқталады. Сонымен қатар биыл Өтенай ауылдық округіндегі 7 көше күрделі жөндеуден өтті. Қаланың өзінде 10 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жалпы 17,5 мың шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу және 350 люкті көтеру жұмыстары жасалып, қауіпті учаскелерге 3 бағдаршам орнатылды, - деп атап өтті Бейбіт Исабаев.
Облыс басшысының айтуынша, келесі жылы «Жастар-2» шағын ауданында жолды күрделі жөндеу жұмыстары басталады, жалпы құны - 3,5 млрд. теңге, оған жергілікті бюджеттен әзірге 500 млн. теңге бөлінді. Сол сияқты Жылу желілерін ауыстырғаннан кейін асфальт жабынын қалпына келтіру маңызды мәселе болып қала береді.
Осыған байланысты, қала әкіміне асфальт төсемді қалпына келтіру және люктерді сапалы орнату жұмыстарын ерекше бақылауға алуды тапсырамын.
«Жылу желілерін ауыстырғаннан кейін асфальт жабынын қалпына келтіру - маңызды мәселе. Осыған байланысты қала әкіміне асфальт төсемін қалпына келтіру және люктерді сапалы орнату жұмыстарын ерекше бақылауға алуды тапсырамын», - деді облыс басшысы.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -