Талдықорғанда мектеп оқушыларымен кәсіби бағдар беру бойынша кездесу өтті
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, профориентолог Айдос Жұманазармен кездесу өтті. Жиынға Талдықорған қаласының жалпы білім беретін мектеп оқушылары мен ата-аналары қатысты.
Кездесу барысында министр кеңесшісі Руслан Емелбаев, аналитик Айдос Жұманазар қатысушыларға жоғары білім алу және кәсіби бағдар бойынша кеңес беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Оқуға түсудегі басты мақсат – әйтеуір бір грантты ұтып алу емес, мамандықты дұрыс таңдау. Осы орайда, балаларымызға мамандық таңдауға мүмкіндік беріп, оның сол салаға бейімділігі мен қабілетін бағамдау аса маңызды», – деді министр кеңесшісі.
Аналитик Айдос Жұманазар түлектерге Ұлттық бірыңғай тестілеу, жоғары оқу орындарына түсу, мамандық таңдау және білім беру гранттары туралы маңызды ақпараттар берді.
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ректоры Ермек Бөрібаев: «Бүгінгі кездесуде ата-аналар, мектеп бітіруші түлектер кәсіби мамандардан кеңес алып, мамандық таңдаудың ерекшеліктерін білді», – деп келген қонақтарға талдықорғандық түлектер мен ата-аналары атынан алғыс айтты.
Жиын соңында ата-аналар мамандық таңдау, білім беру гранттарының түрлері, жоғары оқу орындары белгілеген шекті балдар, квоталар, құжат қабылдау бойынша өздерін толғандырып жүрген бірқатар сұрақтарын қойып, жауабын алды.
Іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Жетісу облысының әкімдігі, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті және Жетісу облысының білім басқармасы бірлесе өткізді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -