Зеренді ауданының тұрғындары жаңа баспана алды
Ақмола облысының Зеренді ауданында көпбалалы отбасыларға жаңа пәтер кілттерін салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.
Іс-шара тұрғын үй құрылысын дамытудың және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өтті. Аудан әкімдігі тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж отбасылар үшін жеті пәтер сатып алды. Пәтерлер абаттандырылған тұрғын үйде орналасқан және әрқайсысының ауданы 84 шаршы метрді құрайды.
Баспана кілттерін тұрғындарға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов тапсырды. Жаңа қоныстанушылар арасында бес баланың анасы Самал Мәдимұханбетованың отбасы бар.
«Біздің отбасымыз үшін бұл қуанышты және маңызды оқиға. Көмек көрсеткені, өмір сүруге қолайлы жағдай жасағаны үшін мемлекетімізге алғыс айтамыз», - деді зеренділік тұрғын.
Сол күні Зеренді ауданына жаңа мамандандырылған техника берілді. Олардың арасында жедел медициналық жәрдем, аударғыш жүк көлігі, ассенизатор машинасы, шағын автобус және т.б. көлік түрлері бар.
Автопаркті жаңарту коммуналдық қызметтер жұмысының тиімділігін арттыруға және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.
Өңір басшысы бұл шара ауданда өмір сүру сапасын едәуір арттыруға және қызметтердің жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Заманауи жедел жәрдем көліктері әсіресе шалғайдағы елді мекендерден шақырту түскен кездегі медициналық қызмет көрсету уақытын едәуір қысқартады.
«В» және «С» класты автомобильдер шұғыл медициналық көмек көрсету үшін толық жабдықталған. Олар өкпені жасанды желдетудің портативті аппаратымен, көлік дефибриллятор-мониторымен, реанимациялық жинақпен, электрокардиографпен, сондай-ақ реанимациялық-анестезиологиялық мақсаттағы көлік мониторымен жабдықталған. Бұл жабдық пациенттерге ең қиын жағдайларда да көмек көрсетуге мүмкіндік береді», - деді облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ахильбеков.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -