Ж.Сұлтан: Бірде-бір ұстаз «бұл педагог статусына сәйкес келмейтін тапсырма» деп айтқан жоқ
Бүгін көктемгі су тасқыны кезінде ұжымдық рух көрсетіп, бір үйдің баласындай еңбек еткен ақтөбелік педагогтерге Білім басқармасының басшысы марапаттар табыстады.
Жайық Сұлтан салтанатты шарада сөйлеген сөзінде төтенше жағдайдың білім саласына қалай әсер еткенін айтып өтті. Мұғалімдердің бірлігінің арқасында қиындықты еңсере білгендерін жасырмады. Басқарма басшысы ұстаздарға көп жылғы адал еңбектері мен білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
«Төтенше жағдай басымызға төніп, облысымызда бірнеше аудан су тасқынынан зардап шегіп, бірнеше білім нысандары зақымданған болатын. Оның ішінде, балабақшалар, мектептер, колледждер, қосымша білім ұйымдары бар. Міне, осындай кезде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ұжымдық рухпен бір үйдің баласындай болып жұмылып, абыроймен шықтық деп айтсақ артық емес. Облысымызда бірнеше мектеп эвакуациялық пункт ретінде болды. Үйсіз-күйсіз қалған жерлестерімізді орналастырып, тамақтандырып, оларға қажетті жарақтармен қамтамасыз етті. Барлық ұстаздарымыз, әріптестеріміз әбден жаны ашып жүгіріп жүрді. Бірде-бір ұстаз «бұл педагог статусына сәйкес келмейтін тапсырма» деп айтқан жоқ. Дәл осындай ауызбіршілігіміз мықты болып, абыройда болайық», - деді облыстың бас ұстазы.
Мерейлі кеште ол ҚР Оқу-ағарту министрінің атынан «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі 14 шебер педагогке табыстады. «Үздік олимпиадалық мектеп» қатарына енген 4 мектеп және су тасқынынан зардап шеккен Ш.Берсиев атындағы мектеп түлектеріне бірыңғай тестілеу мен қорытынды аттестациялауға дайындалуға көмегін берген М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының мұғалімдері де марапаттан құр қалмады.
Шараға «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы қоғамдық бірлестігі» Ақтөбе облысы ұйымының төрайымы Раушан Серікқызы Серікова да қатысып, М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының кәсіподақ мүшелеріне 1 000 000 теңге берілді. Директоры Тулеген Аймукатовқа «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бір үздік ұстазына жазғы каникулда емделіп демалуға «Сосновый бор» шипажайына жолдама табысталды
Айтып өткен жөн, Ақтөбе өңірінде педагогтерді көтермелеудің жергілікті жүйесі қалыптастырылған. 2020 жылдан бері «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» және «Ақтөбе облысының үздік педагогі» атақтары беріліп келеді. Бұл атақтарға ие болған педагогтерге облыс әкімінің қаулысына сәйкес, 300 және 500 АЕК көлеміндегі қаржылай сыйақы да тағайындалған. Бүгінгі күнге дейін, 28 педагог жергілікті ерекшелік белгілерінің иегері атанды. Екі педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын иеленді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -