Жаныңда жүр жақсы адам
30 тамыз – Конституция күнінің қарсаңында мемлекеттік қызметшілердің «мінсіз беделін» қоғам арасында кеңінен насихаттау және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқан қызметкерлер бейнесін ұжым алдында көтермелеу, жастарға үлгі болу мақсатында мемлекеттік қызметтің оң имиджін нығайтуға бағдарланған «Жаныңда жүр жақсы адам» айдарының кезекті қонағы – мемлекеттік қызметте адал да абыройлы еңбек етіп жүрген әріптесіміз Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаменті Құқықтық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Гүлнұр Жүнісәліқызы Әбдіраманова.
Құрметті Гүлнұр Жүнісәліқызы мерейлі мерекенің қарсаңында өзіңізбен мықты маман, тәжірибелі заңгер ретінде сұхбат жүргізсем деп едім. Биыл еліміздің Ата заңына 29 жыл толады. Оның тарихына қысқаша тоқталсаңыз.
Ата заңымыз 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданды. Ол 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырушы құжат. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. 1993 жылғы Конституцияның негізінде еліміз парламенттік республика моделінде болса, 1995 жылы қабылданған Конституция негізінде президенттік-парламенттік билікке көшті. 1995 жылы қабылданған Конституцияға 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары бірқатар өзгерістер енгізілді. Ата заңымыз ел бірлігін және адамның ар-ұжданы мен абыройына қол сұғуға болмайтынын негіздейді. Осы басты ұстанымдар баға жетпес байлығымыз – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Конституция мемлекеттілікті, тұрақтылықты нығайтуға, азаматтардың құқығы мен бостандығын қамтамасыз етуге қызмет етуде. Әлемнің өркениетті елдерімен жан-жақты экономикалық-саяси тең дәрежеде қарым-қатынас қалыптастыру, ірі реформаларды жүргізу – Ата заңымыздың аясында атқарылуда.
Тәуелсіз жас мемлекетіміздің азаматтарын құқықтық тұрғыдан толық қорғаудағы Ата заңымыздың айбары мен заңдық қуатын айтып өтсеңіз.
Конституция дегеніміз – ұлттық саяси-құқықтық жүйенің өзегі, еліміздің мемлекеттілігі мен егемендігінің, қолданыстағы заңнама мен құқық қолдау практикасының, заңдылықтың құқықтық негізі. Конституция – мемлекет мен адамдардың арасында құрылған қоғамдық жария шарт. Қазақстанның Конституциясы «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» деп басталады. Кіріспеде Қазақстан Республикасы мемлекетінің, оның егемендігінің, тәуелсіздігі мен конституциялық құрылысының тұғыры Қазақстан халқы екені көрсетілген. Осы жылдар ішінде Қазақстанның Конституциясы өзінің жоғары әлеуетін көрсетіп, бейбітшілікті, татулықты және елдің берекелі дамуын, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етті. Қолданыстағы Конституцияда мемлекет адамның және азаматтың әлеуметтік құқықтарына шынайы кепілдіктер берген. Оларға неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болуы, әркімнің еңбек ету және кәсіпкерлік қызметпен айналысу бостандығы, тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау, заңмен мөлшері көрсетілген медициналық тегін көмек алу, тегін орта білім алу, конкурстық негізде ақысыз жоғарғы білім алу, жасына қарай әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру, сонымен бірге ауырған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік қамсыздандыру және қайырымдылық көтермелеулер жатады. Бүгіндері осы конституциялық құқықтар қолданыстағы заңдардың нақты нормаларында баянды етіліп, адамдардың күнделікті өміріне мықтап енді. Мәселен, мемлекет азаматтарға тегін орта білім алу құқығына кепілдік береді. Бұл ретте азаматтардың орта білім алу міндеті белгіленген. Азаматтардың орта білім алу міндеті әлемнің көптеген дамыған демократиялық мемлекеттерінің конституцияларында бекітілген. Көрсетілген міндет олардың азаматтығына қарамастан, осы мемлекеттің юрисдикциясындағы барлық жеке тұлғаларға қатысты. Нәтижесінде мұндай міндет тек Қазақстан азаматтарына ғана емес, Қазақстан Республикасының аумағына тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға да жүктеледі, сондай-ақ отбасына қосылу мақсатында елімізге келгендердің де білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алуына еліміздің азаматтарымен құқығы бірдей. Қазақстан Республикасында азаматтардың жоғары білім алуы міндетті емес. Азамат мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқылы. Халық денсаулығы туралы Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі Қазақстан азаматтары мен қандастарға, сондай-ақ Қазақстанның аумағында тұрақты тұратын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға бюджет қаражаты есебінен ұсынылады және барынша дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер көрсетуді қамтиды. Үкіметтің белгілеген халық санаттары үшін паллиативтік көмек және мейірбике күтімі кіреді. Бұдан басқа, белгілі бір жағдайларда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету үшін дәрілік заттармен қамтамасыз ету көзделген. Қажетті саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және басқа да жағдайлардың жетілуіне қарай еліміздің Конституциясы да қазіргі заманғы сын-қатерлер мен трендтерге барабар жетілдірілді.
Конституцияның әлеуетін ашу жолында қандай тың бастамаларды атай аласыз?
Уақыт өткен сайын қоғам талабы, өмір сүру салты өзгеріп отырады. Қоғамдық қатынастар жаңа сапаға бейімделеді. Сондықтан заңдардың өзгеруі, жаңасының қабылдануы қалыпты үрдіс. Ол үрдіс мемлекеттің дамуының жаңа дәуірінде жалғасын табуда. Елімізде конституционализмді дәйекті түрде орнықтыруы мемлекеттік құрылыс саласындағы конституциялық нормалардың қолданылуының тиімділігін арттыру, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Осы жылдарда мемлекетіміздің конституциялық тұғыры құрылып, басқару тетігі орнықты. Адам құқықтары мен бостандықтары жария етіліп, ел өзін тұлға сезініп, бостандық кеңістігінде өмір сүре бастады. Қазіргі қазақстандықтар өз талаптарын, мүдделерін кімге болса да, қандай деңгей шеңберінде де қоя алады. Тұлғалық субъективті көзқарасын жасқанбай білдіреді. Бұл көзге көрінбейтін, бірақ өте үлкен жетістік. Еркін, «мен» дей алатын қауым қалыптасты. Адам жүйенің, басқа бір империяның құлы емес, еркін елдің ұлына айналды. Конституция стратегиялық құжат ретінде ұзақ мерзімге жасалған үлкен әлеуетке ие – Ата заң. Оның аясында билік тармақтары қажетті жағдайлардың тууына байланысты заңдарды конституцияландыру деңгейін үнемі арттырып отыруы тиіс.
Жалпы қоғамның құқықтық сауаттылығын жоғары дәрежеге жеткізуде заңгерлердің рөлі қандай?
Қазақстанның Конституциясындағы әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы барын басшылыққа алсақ, әрине заңгерлердің атқаратын рөлі зор деп айтар едім. Себебі, барлық қоғамдық қатынастар заңға келіп тіркеледі. Осы орайда, әр саланы арнайы оқып, тоқып меңгерген мамандар бар, яғни бір сөзбен айтқанда, қоғамда әрбір сананың жетекші, білікті маманы өз орнын тапса, кез келген мәселенің шешімін тауып, алдын алуға болады. Құқықтық сауаттылықты арттыру үшін заңның тілі қарапайым халыққа түсінікті тілмен жазылу керек деп есептеймін.
Өзіңіз еңбек жолыңызға тоқталсақ, жалпы бұл саланы таңдауыңызға не әсер етті? Заң саласындағы қызметіңіз туралы айтсаңыз.
Өзім бала кезімде дәрігер болуды армандайтын едім. Өсе келе анам «әкең айтатын: осы қызым прокурор болады немесе сот болады,-дейтін. Мектепті бітірген соң, заңгер мамандығына жоғарғы оқу орнына түсіп, көп жыл сот саласында, Әділет министрлігінде қызмет атқардым. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылғалы бері 2017 жылдан бастап, осы салада қызмет атқарып келе жатырмын. Мамандығым өзіме ұнайды, мамандық таңдаудан қателеспеген адаммын. Ұжымымыз ұйымшыл, әріптестеріммен жақсы қарым-қатынастамын.
Кез келген азаматтың тұлға деңгейіне көтерілуіне, белгілі бір қағидаттарға негізделген көзқарастарының қалыптасуына отбасының рөлі айрықша болатыны белгілі. Отбасыңыздан алған тәлім-тәрбиеңіз өмір жолыңызға, сана көкжиегіңіздің кеңеюіне қаншалықты әсер етті?
Мен көп балалы, жоғары білімді отбасынан шыққанмын. Әкем – қаржыгер болса, анам 40 жылға жуық математик пәнінен ұстаздық қызмет атқарған. Отбасымызда 6 ағайындымыз: үш ұл, үш қыз. Үлкен ағам ауыл шаруашылығы саласында жұмыс атқарды, қазіргі уақытта зейнеткер. Әкем мен анамның жолын қуған бауырларым да бар. Қалған үшеуміз – заң саласында қызмет атқарып келеміз. Ата-анамыздың арқасында жақсы тәрбие алдық. Әкем де, анам да тәрбиелі, текті, білімді отбасыларынан шыққан. Әкеміз ерте қайтыс болды да, барлық ауыртпалықты анамыз көтерді. Сонда да әр баласына жеке көңіл бөліп, «адал болыңдар, өтірік айтпаңдар, ұрлық жасамаңдар, жаман сөздер айтпаңдар, мені жерге қаратпаңдар, өлімнен ұят күшті»,-деп тәрбиеледі, «жоғары білім алыңдар»-деп демеп отырды. Анам мектепте мұғалім болып, халықтың балаларын оқытып тәрбиелесе, үйде өз балаларына жақсы тәрбие бергенінің арқасында бәріміз жоғары білім алдық, оқу орындарын үздік бітірдік. Анамыз «Көп балалы ана», «Күміс алқа» иегері, 1985 жылы «Еңбек ардагері» атағын алды. Соғыс кезінде мектепте оқып жүріп, еңбек майданына қатысқаны үшін «Тыл ардагері» атағы беріліп, «Жеңіске 60 жыл», «Жеңіске 65 жыл» медальдарымен марапатталды. Ата-анамыздың 10 немересі, 7 шөбересі бар, олар да оқу озаттары.
Айтулы мереке қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?
Құрметті әріптестерім! Сіздерді тәуелсіздігіміздің кепілі болған ұлттық мерекеміз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық, жанұяларыңызға амандық, атқарып отырған қызметтеріңізге адалдық, абыройлы еңбек тілеймін. Еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы, болашағы баянды, келешегі кемел болсын!
Гүлнұр Жүнісәліқызы алтын уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рақмет. Сізге мықты денсаулық, еңбегіңізге толағай табыс және жанұяңызға амандық тілеймін.
Сұхбаттасқан: Жансая Қаршығақызы Молдағалиева Қазақстан Республикасы Цифрлық даму,инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -