«Жастарға көп мүмкіндік қарастырылған»: мәслихат депутаты Астанада жасалып жатқан жағдайлар туралы айтты
Астана қаласы мәслихатының депутаты, танымал тележурналист Ләйлә Сұлтанқызы елордада өтіп жатқан «JASTAR FEST» форумында өзгерістер дәуіріндегі жастардың күші мен мүмкіндіктері туралы айтты, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Алдымен осы форумды ұйымдастырып отырған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Қазіргі уақытта жастарға көп мүмкіндік қарастырылған. Интернет арқылы көп дүниені оқып, тіпті ағылшын тілін де меңгеріп алуға болады. Дегенмен қазіргі таңда оқу бітірген соң қайда жұмысқа орналасуға болады деген сұрақ жастарды мазалайды. Осы орайда жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін «Болашақ», «Серпін», «Дипломмен ауылға» және т.б. бағдарламалар туралы айтып өтуге болады», - деді тележүргізуші.
Сонымен қатар Ләйлә Сұлтанқызы бүгінгі әлеуметтік желіде жеке бренд қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.
«Бүгінде әлеуметтік желі дамыған заманда жеке бренд қалыптастыру маңызды. Әрқайсымыз, әсіресе жастар әлеуметтік желіде өзінің жеке брендін қалыптастыра алады. Бұл мүмкіндікті де пайдалана білген жөн. Ол үшін әр адам жеке құндылығы мен хоббиін білген абзал.
Ата-аналар көп жағдайда балаларына ақыл айтады. Бірақ еш уақытта баласымен бірге отырып ойын талқыламайды. Баланы түсіну үшін алдымен оның ортасын түсіну қажет. Бірақ кейде жастардың көбі керек ақпаратты интернеттен қарайды немесе достары арқылы біледі. Сондықтан да жүрген орта, яғни достарды дұрыс таңдаған жөн. Орта қандай болса да, сіз де сондай адам боласыз. Жастар сіздер бүгінде рахат кезеңде өмір сүріп жатырсыздар. Сондықтан да білімді болайық», - деді мәслихат депутаты.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -