Жетісу археологиялық экспедициясының ізімен..
Жетісу археологиялық экспедициясының ізімен...
Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты белгілі археолог К.А.Ақышевтің 100 жылдық мерейтойына орай ғалымның «Кеген өзені аңғарындағы ғұн-үйсін кешенінің ескерткіштері» атты ғылыми монографиясын дайындап, жариялауды жоспарлауда. Еңбекте Кеген өңіріндегі палеогеография, археология және этномәдени зерттеулерге қатысты ауқымды зерттеулер ұсынылатын болады. Ежелгі қоныстардың сәулеттік және жоспарлау шешімдері талданып, олардың табиғи ландшафтпен және әлеуметтік құрылыммен өзара байланысы қарастырылады.
Институттың жетекші ғылыми қызметкері Айнагүл Ғаниеваның айтуынша, 1960 жылдардың басында Ақышев басшылық еткен Жетісу археологиялық экспедициясы Кеген аңғарындағы (Алматы облысының Райымбек ауданы) ежелгі үйсін мәдениетін зерттеуде айтарлықтай жетістікке жетті. Экспедиция барысында аңғарда ондаған қорымдар, мыңдаған обалар мен қоршаулар, сондай-ақ 19 қыстақ, жүздеген жартас суреттері мен меңгірлер табылып, құжатталды. Барлық ақпарат ғалымның жеке мұрағатында ұзақ уақыт сақталып, 2022 жылы ҚР Ұлттық мұражайына берілді.
2023 жылы мұрағаттық деректер жүйеленді және цифрландырылды. «Ежелгі және ортағасырлардағы Алматы: археологиялық мұраны зерттеу және сақтау» атты ҚР ҒЖБМ ҒК бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында Кеген аңғарында далалық зерттеулер жүргізілді. Институттың жетекші мамандарын қамтитын жұмыс тобы (Ғ.Қиясбек, А.Чотбаев, А.Ғаниева және А.Егінбай) георадарлық түсірілім және дрондық аэрофототүсірілім сияқты заманауи әдістерді пайдалана отырып, археологиялық объектілерді зерттеді.
Зерттеудің негізгі бағыттарына Құрайлы өңіріндегі Ақтасты 5 қонысын қазу жұмыстарын, атап айтқанда, қоныстың мәдени қабаттарын ашуға бағытталған кең көлемді археологиялық қазба жұмыстарын ұйымдастыру, сондай-ақ 1960 жылдары зерттелген алты қорымды табу үшін Кеген аңғарында барлау-іздестіру жұмыстарын жүргізу кірді. Олардың орналасқан жері мен тарихи маңыздылығын нақтылау үшін заманауи әдістер мен технологиялар қолданылды.
«К.А.Ақышевтің 1960 жылдардағы зерттеу нәтижелері негізінде үйсін қоғамының әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуына қатысты эволюциялық қорытындылар жасалды. Кейінгі зерттеулермен расталған бұл тұжырымдар үйсіндердің экономикасы мен отырықшы өмір салты туралы білімімізді тереңдете түсті», - деп бөлісті Айнагүл Ғаниева. Зерттеу нәтижелері монографияға енгізіледі, бұл ежелгі Жетісу тарихын зерттеуге маңызды үлес болмақ.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -