Ақтөбеде облыстық әжелер форумы өтті
Қалалық мәдениет сарайында «Аялы әже» облыстық форумы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан қатысты.
Шараға 300-ге жуық қатысушы, оның ішінде еңбек ардагерлері, өңірдің әжелер кеңесінің өкілдері, облыстық және қалалық мәслихаттар депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері, ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері, іскер әйелдер одағы мен жазушылар одағының өкілдері, мәдениет және білім қызметкерлері, сондай-ақ жастар қатысты.
Форум ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға және отбасылық тәрбиені нығайтуға бағытталған маңызды оқиғаға айналды. Айта кету керек, шара Түркістан облысынан бастау алып, еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылып келеді. Ақтөбе өңірі Қостанай облысынан эстафетаны қабылдап, Батыс Қазақстан облысына тапсырды. Эстафетаны қабылдау үшін БҚО делегаттары өңірімізге келді.
Жолдас Батырхан өз сөзінде жастарды тәрбиелеудегі аға буын рөлінің маңыздылығын атап өтті.
«Қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиеcі мен ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін асыл әжелердің орны мен рөлі әрқашанда ерекше болған. «Қарты бар үйдің - қазынасы бар» дегендей, ата мен әже – ел тұлғаларын өсіретін ұлттық мектеп деп айтуға болады. Бұл форумның маңызы өте зор. Өйткені, әжелер ұлтымыздың ұйтқысы, жастарға халқымыздың құндылықтарын, салт-дәстүрін, тәрбиесін жеткізетін үлкен институт. Сондықтан да әжелерді ұлықтасақ, құрмет көрсетсек, соларға еліктесек, болашақта ақ жаулықты аналарымыздың жолын жалғай аламыз», - деді әкімнің орынбасары құттықтау сөзінде.
Форумда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шангутов пен қалалық әжелер бірлестігінің төрағасы Батима Кенжебаева сөз сөйлеп, мұндай іс-шаралар ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, жастарды шабыттандыратынын алға тартты.
Форум аясында өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан, ұрпақ тәрбиесіне және ұлттық құндылықтарды насихаттауға белсенді қатысқан әйелдерге құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етілді. Олардың еңбегі мен қамқорлығы барлығына үлгі.
Ресми бөлім аяқталғаннан кейін іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -