Қазақстан мен Финляндия екіжақты және көпжақты форматтағы серіктестікті одан әрі дамытуға дайындығын растады
Астана, 2024 жылғы 30 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Финляндия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Сойли Мякеляйнен-Буханистпен кездесу барысында Қазақстан Финляндиямен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін айта келе, оған 2025 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуде сәтттілік тіледі.
Сұхбат барысында саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-финляндия ынтымақтастығының өзекті мәселелері, сондай-ақ ЕҚЫҰ және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл талқыланды.
Тараптар Қазақстан мен Финляндия арасындағы жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалогты қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Р. Василенко атап өткендей, жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Финляндия Президенті Александр Стуббпен телефон арқылы сөйлесуінің қорытындысы Астана мен Хельсинкидің қазақ-финляндия қатынастарының барлық спектрі бойынша байланыстар мен өзара іс-қимылды арттыруға өзара ұмтылысын көрсететінін растады.
Экономикалық серіктестікті одан әрі дамыту контексінде дипломаттар Финляндияның Сыртқы сауда және даму министрі Вилле Тавионың Қазақстанға сапарының және ағымдағы жылғы 11 сәуірде Астанада өткен сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты Үкіметаралық комиссияның 13-ші отырысының қорытындыларын құптады.
Сонымен қатар, ЕҚЫҰ шеңберіндегі өзара іс-қимылдың өзекті мәселелеріне, сондай-ақ Финляндияның мерейтойлық 2025 жылы – Хельсинки Қорытынды актісі қабылдануының 50 жылдығында Ұйымның төрағасы ретіндегі жұмысының басымдықтарына қатысты жан-жақты пікір алмасу өтті.
Қазақстандық тарап Финляндияның барлық үш өлшемде (әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және адами өлшемдер) ұйымның әлеуетін нығайту жөніндегі күш-жігерін қолдауға дайын екеннін атап өтті.
Сұхбаттастар ЕҚЫҰ-ның оның жауапкершілік аймағындағы ағымдағы өңірлік және жаһандық сын-қатерлерді шешудегі аса маңызды рөлін атап өтті, сондай-ақ қазақ-фин серіктестігін одан әрі дамыту ниетін растады.
Суоми Қазақстанның солтүстік Еуропадағы маңызды сауда серіктесі болып табылады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 208,2 млн АҚШ доллары (экспорт – 3,1 млн, импорт – 205,1 млн) (2022 жылмен салыстырғанда+3,2%), ал 2024 жылғы қаңтар-сәуір аралығында тауар айналымы 67,4 млн (экспорт – 2,8 млн, импорт – 64,6 млн) құрады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -