Қазақстан мен Түрікменстан стратегиялық серіктестік қатынастарын нығайтуды жалғастыруда
Астана, 2024 жылғы 27 мамыр – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға ресми сапармен келген Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен келіссөздер өткізді.
Келіссөздер барысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары қазақ-түрікмен ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық, транзиттік-көліктік, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы қазандағы Ашхабадқа және Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтың 2022 жылғы қазандағы Астанаға мемлекеттік сапарларының, сондай-ақ ҚР СІМ басшысының өткен жылғы қазандағы Ашхабадқа ресми сапарының қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыруға басты назар аударылды.
ҚР Сыртқы істер министрі мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында соңғы жылдары елдер арасындағы қатынастар сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін ерекше атап өтті.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ерекше назар аударылды. Соңғы бес жылда Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы өзара сауда көлемі 4 есеге асты. 2023 жылы бұл көрсеткіш 28%-ға өсіп, 563 млн АҚШ долларына жетті.
«Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында екі ел арасындағы сауда көлемі 100 млн доллардан асты. Орын алып жатқан позитивті үрдістер өзара саудамызды 1 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі мемлекет басшыларының тапсырмасын жақын болашақта орындауға үлкен сенім ұялатады», – деп мәлімдеді М.Нұртлеу.
Тараптар транзиттік-көліктік саласындағы өзара іс-қимылға жоғары баға берді. Қазақ-түрікмен ынтымақтастығының табысты мысалы ретінде қабылданып жатқан шаралардың арқасында әлеуеті жыл сайын артып келе жатқан «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол магистралін айтуға болады. Өткен жылы елдер арасындағы тасымалдау көлемі 20%-ға артып, 1,3 млн тоннаны құрады.
Министрлер энергетика саласындағы ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін, оның ішінде бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын атап өтті. Осы бағыттағы жемісті өзара іс-қимылды дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
«Түрікменстан өз тарапынан Қазақстанға оның жаһандық және өңірлік деңгейдегі барлық бастамалары мен ұсынымдарын жүзеге асыруда қолдау көрсетеді. Бүгінгі келіссөздеріміз Түрікменстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенімдімін», – деді Р.Мередов.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың мазмұнды күн тәртібін атап өтті. Мемлекет басшыларының тапсырмасына сәйкес, биыл Астанада Түрікменстанның мәдениет күндері, ал Ашхабадта Қазақстанның мәдениет күндері өтеді, оның аясында шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуі және екі елдің көрнекті ақындары – Махтумкули Фрага мен Абай Құнанбаев ескерткіштерінің салтанатты ашылуы жоспарланған. Бұл тұрғыда көрнекті түрікмен классигі М.Фраганың туғанына 300 жыл толуына арналған іс-шаралар оң бағаланды.
Министрлер кездесу барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті аспектілері бойынша «сағаттарын теңестірді», көпжақты құрылымдар шеңберінде одан әрі тығыз ынтымақтасуға, сондай-ақ екі мемлекеттің бастамаларын ілгерілету кезінде өзара қолдау көрсетуді жалғастыруға бейілдігін растады.
Тараптар өңірлік ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығын, атап айтқанда ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы бесжақты шартқа қол қою рәсімін аяқтау қажеттігін мәлімдеді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -