Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2024 жылғы 13 мамыр
Мазмұны:
- «Орталық Азия + Жапония» диалогының Аға лауазымды тұлғаларының 16-шы отырысы туралы;
- «Ресей – Ислам әлемі: KazanForum» 15-ші Халықаралық экономикалық форумы туралы;
- Халықаралық Еңбек Ұйымы Бас директорының көмекшісі – Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директордың Қазақстанға сапары туралы;
- Астанадағы Берлин Еуразиялық Клубының отырысы туралы;
- Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің Премьері орынбасарының Қазақстан Республикасына сапары туралы;
- Экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Латвия үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысы туралы;
- Түркі инвестициялық қорына мүше басқарушы елдер Кеңесінің бірінші инаугурациялық отырысы туралы;
- Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен келісімге қол қою туралы;
- Қазақстанның Тәжікстанға IT-мамандарды оқытуға 100 квота беруі туралы;
- ШЫҰ мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы туралы.
- «Орталық Азия + Жапония» диалогының Аға лауазымды тұлғаларының 16-шы отырысы туралы
Ертең 2024 жылғы 14 мамырда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевтың төрағалығымен «Орталық Азия + Жапония» диалогының Аға лауазымды тұлғаларының кезекті отырысы өтеді. Іс-шараға Орталық Азия елдері мен Жапония сыртқы саяси ведомстволарының басшылығы қатысады.
Іс-шараға қатысушылар биылғы жазда Астанада өтетін «Орталық Азия + Жапония» диалогының алдағы бірінші саммитіне дайындық барысын талқылауды жоспарлап отыр. Бұл Формат 2004 жылы өңірлік ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылды.
- «Ресей-Ислам әлемі: KazanForum» 15-ші халықаралық экономикалық форумы туралы
2024 жылғы 14-19 мамыр аралығында Қазан қаласында «Ресей – Ислам әлемі: KazanForum» XV халықаралық экономикалық форумы өтеді.
Форум бағдарламасының негізгі тақырыптары - ислам қаржысы, индустрия, инвестициялар, өнеркәсіп, логистика, туризм, технология, халықаралық ынтымақтастық және т.б.
Қазақстан тарапынан Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, сондай-ақ Қазақстан Халқы Ассамблеясы, Бас прокуратура, Көлік, Сауда және интеграция министрліктерінің өкілдері қатысады.
Аталған іс-шара аясында Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық кеңестің тең төрағаларының екіжақты кездесуі жоспарланған.
- Халықаралық еңбек ұйымы Бас директорының көмекшісі – Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директордың Қазақстанға сапары туралы
2024 жылғы 15-18 мамыр аралығында Халықаралық еңбек ұйымы (Ұйым) Бас директорының көмекшісі – Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Беат Андрестің Астанаға жұмыс сапары өтеді.
Сапардың мақсаты – Ұйыммен ынтымақтастықты тереңдету мәселелері, оның ішінде Ұйым сарапшыларына техникалық көмек көрсету, сондай-ақ Қазақстанның әлеуметтік әділеттілік жөніндегі жаһандық коалицияға қосылуы мәселелерін талқылау.
Өңірлік директордың сапары барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеновамен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповамен, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаровпен, сондай-ақ «Парыз» ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы және Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы өкілдерімен кездесулер өткізу жоспарланған.
- Астанадағы Берлин Еуразиялық Клубының отырысы туралы
2024 жылғы 15-16 мамырда Германия экономикасы шығыс комитетінің бизнес делегациясының Астанаға сапары жоспарланған.
Сапарға орай Берлин Еуразиялық Клубының (БЕК) отырысы өтеді және оған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр және Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева қатысып, сөз сөйлейді.
Іс-шараға Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзер бастаған 30-дан астам неміс компаниялары (энергетика, машина жасау, тау-кен өнеркәсібі саласында) қатысады.
Берлин клубы 2012 жылғы 7 ақпанда құрылған, оның құрылтайшылары – Қазақстанның Германиядағы Елшілігі және Германияның Сыртқы саясат қоғамы (DGAP). 2016 жылдан бастап Германия экономикасының шығыс комитеті неміс тарапынан серіктестік функциясын қабылдады.
Клубтың жұмысы ашық пікір алмасу және ұсыныстар әзірлеу мақсатында екі мемлекеттің саясаткерлері, сарапшылары, бизнесмендері арасындағы тұрақты өзара іс-қимылға бағытталған.
- Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің Премьері орынбасарының Қазақстан Республикасына сапары туралы
2024 жылғы 15-17 мамырда қазақ тарапының шақыруы бойынша Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Лю Гочжунның Қазақстан Республикасына сапары өтеді.
Сапардың негізгі мақсаты – үкіметаралық байланыстарды нығайту, сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен одан әрі даму перспективаларын талқылау.
Сапар аясында ҚР Үкіметінің басшылығымен және Қазақстанның бірқатар өңірлерінің басшыларымен екіжақты кездесулер өткізу жоспарланған.
Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, атап айтқанда қазақстандық өнімнің экспортын ұлғайтуға және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылатын болады.
- Экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Латвия үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысы туралы
2024 жылғы 16 мамырда Рига қаласында Экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Латвия үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысын өткізу жоспарланған. Комиссияның тең төрағалары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Латвия Республикасының Әл-ауқат министрі Улдис Аугулис.
Отырыстың күн тәртібінде сауда және инвестициялар, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, білім беру және туризм сияқты салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері бар.
Латвияға сапар аясында Р. Василенконың Латвия Көлік министрі Каспарс Бришкенс, Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Андрис Пельшс, Латвия Сеймінің депутаттарымен, сондай-ақ аналитикалық топтармен кездесулері жоспарланған.
- Түркі инвестициялық қорына басқарушы мүше елдер Кеңесінің бірінші инаугурациялық отырысы туралы
2024 жылғы 17-18 мамырда Ыстанбұл қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың қатысуымен Түркі инвестициялық қорына басқарушы мүше елдер Кеңесінің (ТИҚ) алғашқы инаугурациялық отырысы өтеді, ол Қордың басқарушылар Кеңесінде Қазақстанның өкілі.
Кездесудің негізгі мақсаты – Түркі инвестициялық қорының жұмысын ресми түрде іске қосу, оны басқаруға қатысты тиісті шешімдер қабылдау, сондай-ақ құрылтайшы елдер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту және орнықты дамуды қолдау.
2015 жылғы 11 қыркүйекте Астана қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі мемлекет басшыларының V саммитінде қазақстандық тарап Түркі интеграциясы қорын құруды ұсынды.
Қордың мақсаты – өңірішілік сауданы кеңейту және экономикалық қызметті қолдау арқылы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдесу.
- Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен келісімге қол қою туралы
2024 жылғы 15 мамырда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы арасында зияткерлік меншік және бизнес саласындағы құқық магистрлерін даярлаудың бірлескен білім беру бағдарламасын іске қосу жөніндегі келісімге қол қойылады.
Қазақстан тарапынан Әділет министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және «Maksut Narikbayev University» қол қояды.
- Қазақстанның Тәжікстанға IT-мамандарды оқытуға 100 квота беруі туралы
2024 жылғы 10 мамырда «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі Тәжікстанға Astana Hub-тан «Tech Orda» атты адами капиталды дамыту бағдарламасы шеңберінде IT-мамандарды оқытуға 100 квота берді.
Бағдарлама Тәжікстан жастарына Қазақстанның жетекші жеке IT-мектептерінде оқуға, веб-әзірлеу, киберқауіпсіздік және басқа да салалардағы дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.
Бұл бастама Орталық Азиядағы жастарды қолдауға және екі ел арасындағы серіктестік қатынастарды нығайтуға бағытталған.
- ШЫҰ мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы туралы
2024 жылғы 21 мамырда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтеді.
Іс-шараға ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы және ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы (ӨТҚҚ) Атқарушы комитетінің директоры қатысады.
Отырыс барысында ағымдағы жылы Астанада өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Басшылары Кеңесінің отырысына дайындық барысын қарау жоспарлануда.
Делегация басшылары Ұйым аясындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы халықаралық және өңірлік ахуал, қауіпсіздік және ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасады.
Отырыста Ұйымның алдағы саммитінің қорытынды құжаттарына қатысты бірқатар шешімдерге қол қою, сондай-ақ Ақпараттық хабарлама қабылдау жоспарлануда.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -