ҚАЗАҚСТАН-СИНГАПУР ФОРУМЫ: ҒЫЛЫМ МЕН ЖОҒАРЫ БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТІКТІҢ ЖАҢА ШЫҢЫ
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан-Сингапур ректорларының «Ғылым мен жоғары білім саласындағы әріптестіктің жаңа шыңы» форумы екі елдің 150-ден астам жетекші жоғары оқу орындарының өкілдерін, ғалымдарды, зерттеушілерді, сала мамандарын, сондай-ақ Қазақстан мен Сингапурдағы су ресурстарын басқару, экологиялық тұрақтылық және жоғары біліммен айналысатын басқа да мүдделі тараптарды біріктірді.
Форумда Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Сингапурдың білім министрі Мұхаммед Малики Осман, Сингапур Ұлттық Университетінің президенті профессор Тан Энг Чие және Қазақстан мен Сингапурдың басқа да жоғары оқу орындарының басшылары сөз сөйледі.
Министр Саясат Нұрбек өз сөзінде сингапурлық әріптестеріне екі ел арасындағы инновациялық және озық білім беру әдістерін дамыту және ғылым саласындағы байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген форумды өткізгені үшін алғысын білдірді.
«Бүгінгі форум территориясы жағынан алшақ, алайда жоғары білімнің болашағын дамытуға ортақ көзқарасы бар жоғары оқу орындары арасындағы достық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді деп сенім білдіреміз. Сингапур суды тұщыландырудың озық тәжірибелерінен бастап ағынды суларды тазартудың инновациялық шешімдеріне дейін осы маңызды саладағы озық тәжірибенің үлгісін көрсетуде. Біз Сингапурдың тәжірибесін пайдалануды, сондай-ақ осы бағытта тәжірибе алмасуды асыға күтеміз», - деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Форум екі панельдік сессиядан тұрды, онда серіктестіктің жаңа шекаралары және су ресурстарын тұрақты басқару сияқты нақты тақырыптар тереңірек қарастырылды. «Серіктестіктің жаңа шекаралары» атты сессия Қазақстан мен Сингапур арасындағы әртүрлі ғылыми және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың инновациялық бағыттарын зерттеуге арналды.
Екінші сессия «Су ресурстарын тұрақты басқару» тақырыбына арналды. Бұл ретте екі ел үшін де су ресурстарының маңыздылығы аталып, суды тұрақты басқарудың стратегиялары мен озық тәжірибелері қарастырылды. Қазақстан мен Сингапур сарапшылары өз тәжірибелерімен, технологиялық инновацияларымен, сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану мен үнемдеуді қамтамасыз етуге бағытталған саясат негіздерімен бөлісті. Сарапшылар сондай-ақ суды үнемдеу, ағынды суларды тазарту және су сапасын бақылау сияқты салалардағы екіжақты ынтымақтастық мүмкіндіктерін саралады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -