Қазақстанда қант зауыттарын жаңғырту, кеңейту және салу бойынша 6 жоба жоспарланған
2024 жылы қант қызылшасы егілетін аймақтарда егіс алқаптары 25,2 мың гектарға дейін ұлғайтылды (2023 жылы – 13,4 мың га).
Мемлекеттік қолдау шаралары мен қолайлы ауа райының арқасында қант қызылшасының өнімділігі екі есеге өсіп, 1,3 млн тонна рекордтық өнім жиналды. Атап айтқанда, Жамбыл облысында 648 мың тонна өнім алынып, орташа өнімділік 575,6 ц/га құрады, ал Жетісу облысында 612,3 мың тонна өнім жиналып, орташа өнімділік 452,9 ц/га болды.
Алайда, жиналған өнім көлемі қант зауыттарының қайта өңдеу мүмкіндігінен асып түсті. Жоғары кредиттік жүктемеге байланысты зауыттар 2026 жылға дейін қант саласын дамыту жөніндегі Кешенді жоспар аясында көзделген қуаттылықты кеңейту шараларын жүзеге асыра алмады.
Өнімді толық игеру мақсатында Премьер-Министр, Премьер-Министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі және облыс әкімдіктері деңгейінде қызылша өсірушілер мен қант зауыттарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өтті. Қант қызылшасын қабылдау және өңдеу бойынша қысқа мерзімді іс-қимыл алгоритмі жасалды, қабылдау кестесін сақтау және жағдайды тұрақтандыру үшін жедел штабтар құрылды.
Жамбыл облысынан Ақсу қант зауытына (100 мың тонна) жеткізілетін өнімнің көлік шығындарын өтеу үшін субсидия нормативі 45 теңге/кг-ға дейін көтерілді. Меркі және Ақсу зауыттарына қызылша өсірушілермен уақытылы есеп айырысу үшін өңірлік ӘКК (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар) арқылы 25,8 млрд теңге көлемінде айналым қаражаты бөлінді.
Қызылша өткізген фермерлерге субсидия төлеу мақсатында Үкімет резервінен 19,4 млрд теңге бөлінді.
Қазіргі уақытта қант қызылшасын қабылдау Қазақстандағы және Қырғызстандағы зауыттарда аяқталды. Фермерлер мен зауыттар арасындағы келісімдерге сәйкес, жалпы 1,2 млн тонна (95%) қызылша өңдеуге қабылданды, оның ішінде Жамбыл облысынан – 478 мың тонна, Жетісу облысынан – 632 мың тонна, сондай-ақ 20 мың тонна өнім Қырғызстандағы «Кошой» қант зауытына келісімшарт негізінде жіберілді.
Үкімет пен облыс әкімдіктері жиналған өнімді толық қайта өңдеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдады.
Жаңа өндірістер құру және қолданыстағы зауыттарды жаңғырту үшін инвестицияларды тарту мақсатында инвестициялық субсидия нормативі 25%-дан 40%-ға дейін арттырылды. Қант қызылшасын өсіруге арналған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға берілетін инвестициялық субсидия мөлшері 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайтылды.
Қант зауыттарын жаңғырту жоспарлары бойынша:
•2026 жылға дейін Меркі қант зауытының қуаттылығын тәулігіне 3 мың тоннадан 4 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланған.
•Тараз қант зауытына жаңа технологиялық жабдықтар орнатылады.
•Жетісу облысында екі жыл ішінде Көксу зауытының қуаттылығы тәулігіне 2,2 мың тоннадан 5 мың тоннаға дейін кеңейтіледі.
•Жамбыл облысының Шу қаласында «Qazsugar CO» компаниясы тәулігіне 8 мың тонна шикізат өңдейтін заманауи жоғары технологиялық қант зауытын салу жобасын әзірлеуде.
•Павлодар облысының Ақсу қаласында қуаттылығы тәулігіне 8 мың тонна шикізат өңдейтін қант зауытының ТЭН (техникалық-экономикалық негіздемесі) «Павлодар ӘКК» АҚ тарапынан әзірленді, қазіргі уақытта жобаны жүзеге асыру үшін түрік компаниясымен келіссөздер жүргізілуде.
•2025 жылдың тамыз айында арабтық «Al Khaleej Sugar» компаниясы Алматы облысында қант зауытының құрылысын бастауды жоспарлап отыр, инфрақұрылымдық жұмыстар 2027 жылдың ортасында аяқталады.
Осыған байланысты, жұмыс істеп тұрған қант зауыттарының қайта өңдеу әлеуетін және агротехнологиялық талаптарды ескере отырып, облыс әкімдіктерінің алдын ала деректері бойынша 2025 жылғы қант қызылшасы егіс алқабының болжамды көлемі 18,4 мың га болады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -