«Білімім – Отаныма»: Бүгін Астана мектептерінде бірыңғай сынып сағаты өтті
Бүгін Астанадағы барлық мектептерде «Білімім – Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Оқу жылының аяқталуына орай ұйымдастырылған сынып сағатына оқушылар, ұстаздар қауымы мен ата-аналар қатысты. Астана қаласы Білім басқармасының Жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Аманкельдиева Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында өткен сынып сағатына арнайы барып, білім саласы мамандары және оқушылармен кездесті.
«Бұл – 1 және 10 сынып оқушыларына арналған шара. Сынып сағаты 9.00-де Мемлекеттік Әнұранмен басталды. Одан кейін білім алушылар Оқу-ағарту министрінің жолдаған құттықтау сөзін тыңдады. Бүгінгі іс-шара ата-аналардың қатысуымен ерекше форматта өтті. Мұнда сынып жетекшілері оқушылармен және ата-аналармен бірлесіп оқу жылын қорытындылады. Тәрбие сағатында білім алушылардың білім нәтижесі, сондай-ақ білім, өнер, спорт салаларында жеткен жетістіктері айтылды. Жалпы бүгінгі және ертеңгі күн – мектеп оқушылары үшін ерекше күн», - деді Асыл Аманкельдиева.
Айта кетсек, биыл елордалық мектептерде 263 мыңнан астам бала білім алды. Олардың ішінде 11-сыныпты 11 000-нан астам түлек аяқтаса, 1-сыныпты 28 600-ге жуық бала, 9-сыныпты 19 000-нан астам оқушы тәмамдайды. Ал Алтын белгіге – 295 оқушы, үздік аттестатқа – 717 оқушы үміткер.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -