Елордалық ҚХА Көрісу күнін қалай атап өтті
Елордадағы Достық үйінде Көрісу күні мерекесі аталып өтті. Іс-шараға этномәдени бірлестіктердің, Ақсақалдар кеңесінің, Аналар кеңесінің өкілдері, сондай-ақ қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары қатысты, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға қатысушылар қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін көрсетіп, көктем мезгілінің келуімен құттықтады.
«Амал мерекесі – отбасыңмен, достарыңмен, таныстарыңмен кездесіп, құшақ жая амандасып, хал сұрасып, бір-біріңе мол бақыт, зор денсаулық тілеудің тағы бір себебі. Қалада көптеген іс-шара өтіп жатыр, бірақ біздің мерекеміздің ерекшелігі – қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін өзге ұлт өкілдері көрсетіп, би билеп, тәтті тағамдарын ұсынады.Қазақстанда тұратын өзге де ұлттардың ортақ істері өте көп – мерекелері, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары ұқсас екенін атап өткім келеді. Мысалы, жақында жақсылық, қуаныш, көңіл көтеру ұғымын қамтитын Масленица мерекесін атап өттік. Бұл біздің Амал мерекесіне ұқсайды», - деді Астана қалалық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова.
Фестивальге мәдени орталықтардың өкілдері ұлттық киіммен қатысты.
«Мен Қазақстанда туып-өстім, Астананың тумасымын, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жақсы білемін. Амал мерекесін тойлаған кезде таныстарыңызбен, достарыңызбен кездесіп, олармен тілдесіп, болып жатқан қызықты жағдайларыңмен бөлісіп, көктемнің келгеніне бірге қуануға болады», - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің өкілі Земфира Низамутдинова.
Іс-шараға жастар өкілдері де қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды барынша сіңіру үшін мұндай мерекелерге шақыру қажет.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -