ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАННЫҢ 120 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «МАРҒҰЛАН ОҚУЛАРЫ-2024» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
Марғұлан университетінің қабырғасында Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толуына орай «Марғұлан оқулары-2024» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы басталды. Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылуда. Конференцияға келген қонақтар алдымен академиктің ескерткіш-мүсініне гүл шоқтарын қойып, ғалымның рухына тағзым жасады. Содан кейін университеттің бас корпусында ҚР Орталық мемлекеттік музейінің «Ғылымның марқасқасы – Марғұлан!» көрмесін тамашалады.
Конференцияның пленарлық отырысы жұмысына офлайн и онлайн форматта еліміздің және шетелдік белгілі ғалымдары, соның ішінде Франция, Польша, Ресей, Белорусь, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан және Армения сынды елдерден қонақтар қатысып, баяндама жасады.
Іс-шараның шымылдығын Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев ашып, барша қатысушыларды маңызды шараның басталуымен құттықтады.
– Бұл конференция – біз үшін аса маңызды әрі мазмұны терең, салиқалы мәжіліс. Өйткені, біз ұлтымыздың ұлы есімдерін еске түсіріп, тағзым ету арқылы өз парызымызды атқарудамыз. Академик Әлкей Марғұлан тарих, археология, этнография, әдебиет, қолданбалы және сәулет өнерi мен металлургия саласы бойынша 300-ден астам ғылыми еңбек, 100-ден аса энциклопедиялық мақала жазған ғалым. Ғылыми еңбектері көптеген шет тiлдерiне де аударылды. Әлкей Марғұлан педагогика бағытында да еңбек жазды, қазақ халқының аңыз-ертегі мен жырларын зерттеп, тұңғыш халық педагогикасының негізін қалады, - деп атап өтті ректор.
Конференция жұмысына Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, Әлкей Марғұланның қызы Дәнел Әлкейқызы, Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы қатысып, барша қатысушыларды ғалымның мерейтойымен және бүгінгі конференцияның ашылуымен құттықтады.
«Әкеміз үнемі жұмыстан қолы босамайтын. Ғылым оның хоббиі болды, ол өмірін археологияға арнады. Күндіз-түні ұйықтамай, үш-төрт сағат ғана көз іліп, қайтадан жұмыс үстеліне отыратын. Өмірінің соңғы жылдарын Қазақстан архитектурасын зерттеуге арнады, кейіннен дәл осындай атаумен еңбегі жарық көрді», - деп әкесі туралы естеліктерімен бөлісіті Дәнел Әлкейқызы.
Конференцияда 2023 жылы жүргізілген далалық археологиялық зерттеулердің қорытындылары бойынша ақпараттар, оның ішінде өткен жылдардағы материалдар талқыланды. Одан бөлек, археология ескерткіштерін зерттеудің жаңа әдістерін қолдану, пәнаралық зерттеулер, оларды қорғау және ғылыми және мәдени өмірдің әртүрлі салаларында қолдану мәселелерін қозғаған баяндамалар үлкен қызығушылық тудырды.
Төмендегідей тақырыптар бойынша барлығы 117 ғылыми баяндама жасалды: академик Әлкей Марғұлан және оның Қазақстандағы ғылымның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі, тас дәуірінің ескерткіштерін зерттеудің өзекті мәселелері мен перспективалары, ерте металл дәуірі-кешендерді кезеңдендіру және мәдени сәйкестендіру мәселелері, Еуразиялық мәдени кеңістіктегі ерте көшпенділер, ортағасырлық археология – қала және дала өркениеті, этноархеологиялық Ежелгі және дәстүрлі қоғамдарды зерттеу, Қазақстанның археологиялық ескерткіштері: тарихи-мәдени мұраны сақтау, қалпына келтіру және пайдалану мәселелері және т. б.
Айта кетейік, конференция барысында академик Әлкей Марғұланның туған ауылына көшпелі іс-шара жоспарланған, оның барысында қатысушылар Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің археологиялық ескерткіштеріне баратын болады.
Естеріңізге сала кетейік, 1989 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Марғұлан оқулары» еліміздегі ең бір маңызды ғылыми конференциялардың бірі болып табылады. Бұл археологиялық ғылымның өзекті мәселелері мен даму перспективаларын талқылауға арналған дәстүрлі алаң.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -